Сот қызметіндегі 5 басшы тәртіптік жазаға тартылған

1945

Соттар әкімшісінің басшылық лауазымдағы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын өрескел бұзу фактілері орын алған.  

Сот қызметіндегі 5 басшы тәртіптік жазаға тартылған

Соңғы жылдары басшылық лауазымдағы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын өрескел бұзу жағдайларының белең алып келе жатқаны Қызылордадағы Әдеп жөніндегі тәртіптік кеңес отырысында айтылды.

Мәселен, Қызылорда облысы бойынша Соттар Әкімшісінің тәртіптік комиссиясының төрағасы Гүлмира Қалықова, Соттар әкімшісіндегі 207 мемқызметкердің 23-не тәртіптік жаза қолданылғанын айтады.

"Жыл басынан бері 20 қызметкер "ескерту", 2 қызметкер "сөгіс", 1 қызметкер "қатаң сөгіс" түріндегі тәртіптік жазаға тартылды. Олардың қатарында 5 басшы лауазымдағы қызметкер бар", – деді комиссия төрағасы.

Қолданылған тәртіптік жазалар бойынша 2 қызметкерге әдеп нормаларын бұзу фактісі бойынша жаза берілген. Лауазымдық міндеттерін тиісті дәрежеде орындамағаны үшін 21 қызметшіге қолданылған тәртіптік жаза мерзімінен бұрын алынған. Оның ішінде 18 тәртіптік жаза 1 айдан аса мерзім өте салысымен алынған.

Кеңес мүшелері Соттар әкімшісі тәртіптік комиссиясының жұмыс қорытындысын зерделеп, Соттар әкімшісінің басшылық лауазымдағы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын өрескел бұзу фактілерінің орын алғандығына назар аударды.

Кеңес отырысында әлеуметтік желілердегі мемлекеттік қызметшілерге, ауылдық округ әкімдеріне қатысты жеке мақсатта қызметтік автокөлікті пайдалануы туралы материалдар жарияланғаны, оларға қатысты сыни пікірлер айтылып, мемлекеттік қызметтің имиджіне нұқсан келтірілгені жайлы айтылды. Бұндай мәселелер келесі жолы орын алмауы үшін Қызылорда облысы әкімі аппаратының Әдеп жөнiндегi уәкiлі Хамит Тарбақовқа, қызметтік автокөліктерді тек қызметтік мақсатта пайдалану фактілеріне бақылау жүргізу, көліктерге "GPS" құрылғыларын орнату, мемлекеттік қызметшілерге қатысты әлеуметтік желілерде жарияланған негативті сипаттағы жарияланымдарға мониторинг жүргізіп, дер кезінде тиісті шаралар қабылдауды ұсынды.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу