Ақмола облысының Щучинск қаласында сот процесі барысында көрінеу жалған айғақ берген тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу мәліметінше, әкімшілік іс бойынша куә ретінде жауап берген азамат танысына жауапкершіліктен жалтаруға көмектесу мақсатында көлік құралын басқа адам басқарғаны туралы жалған ақпарат берген. Алайда іс материалдарындағы бейнежазба оның айғақтарын жоққа шығарып, нақты жүргізушіні анықтаған.
Прокурордың өтінішхаты негізінде сот жеке қаулы шығарып, ҚР Қылмыстық кодексінің 420-бабы (көрінеу жалған айғақ беру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Алғашқы сот шешімімен оған бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғанымен, прокуратураның апелляциялық өтінішхаты қаралып, облыстық сот үкімді өзгерткен. Нәтижесінде сотталған азаматқа жалпы режимдегі мекемеде өтеумен 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қадағалаушы орган сотта немесе тергеу барысында көрінеу жалған айғақ беру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.