Айыпталушы өзінде еш суық қару болмағанын, өзіне тағылған айыппен келіспейтінін де жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Мен айыптау актісі бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігі 7 және 9-тармақтарымен айыпталудамын. Мен сотқа дейінгі де, сотта да, тергеу барысында да айтқанымдай, Нұрқанат Ғайыпбаевты 2-3 мәрте тепкенімді мойындаймын. Ол үшін өкінемін, – деді Равиль Сәкиев.
Айтуынша, Н.Ғайыпбаевтың жауаптары әртүрлі болған. Әрі "пышақты сен салдың деп айтамын" деген көрінеді.
– Ол айыпты маған қандай дәлелдермен тағып отырғанын мен білмедім. Ғайыпбаев Нұрқанат бірінші берген жауабында ол "маған пышақты Азамат салды" десе, екіншісінде "пышақты Нұрқияс салды" деген. Ал менімен беттестіру кезінде мені 2017 жылдан бері танитынын айтты.
Арамызда бас араздығы жоқ. Мені басқа біреумен шатастыруы мүмкін емес екені белгілі. Мен марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевқа мылтық жайлы айтқан кезде "пышақты сен салды деп айтамын" деп айтып кетті. Мен ауыр қылмыс жасасам, пышақ салсам, "полицияға барайық" демес едім. Қолымда ешқандай суық қару болған жоқ.
Мен мылтық атылған кезде, мылтықты атқаны үшін ашуланып оны екі-үш мәрте тептім. Ол үшін кешірім сұраймын және істеген ісіме өкінемін. Беттестіруге дейінгі 22-23 күн бойы менің атымды айтпай, тура беттестіру кезінде ғана айтып, жәбірленуші Шерзат Полаттың анасына да "осы баланы көрсет" деп айтып кетті. Қаржаубайға да солай айтты. Қаржаубай мырзаға рақмет! Беттестіру кезінде айтса да, сотқа келіп "мен көрген жоқпын" деп шынын айтты. Мен өзіме тағылған айыппен келіспеймін, – деді ол.
Бұған дейін айыпталушының бірі Қаржаубай Нұрымовты жазалауды сұраған болатын.