Күдікті Равиль Сәкиевтің анасы Баян Сарманова сот отырысында дәл осылай деді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, ешкім бұлай болады деп ойламаған. Әрі баласы өз кінәсін бірінші күннен-ақ мойындап отыр.
– Балам өз кінәсін, істеген ісін бірінші күннен бастап өз мойнына алып отыр. Оны жоққа шығарған жоқ. Сол бір шиша сыра (500 теңгені салдың, салмадың деп) 16 жастағы баланың өмірін алды және мына 9 адамның тағдыры шешілуде. Әркімнің өз баласы өзіне. Есік алдындағы итіңді біреу жамандаса, намыстанып қаласың. Жарайды, сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды. Біздің балалар бұлай болатынын ойламады, жаңылысты. Мұның өзі – азап. Ол күні тек Шерзат емес, кім болсын өлім болса, ажалмен қауышуы мүмкін еді. Бәріміз ажалмен қауышамыз, – деді айыпталушының анасы.
Бұған дейін сотта Равиль Сәкиев Шерзатты өлтірмегенін айтып: "Анашым басыңызды тік ұстап жүрсеңіз болады" деген еді.
Сондай-ақ, ол Қаржаубай Нұрымовқа алғысын да айтқан-ды.