Созақтағы көне қорымнан соғыс балғасынан қалған із табылды

274

​Түркістан облысының Созақ ауданындағы Қызылкөл тарихи-мәдени аймағында археологтар кейінгі қола дәуіріне жататын қорымды зерттеді. Қазба жұмыстары кезінде ерекше құрылымдағы жерлеу орны мен отбасылық қорымнан көне жәдігерлер табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Созақтағы көне қорымнан соғыс балғасынан қалған із табылды Фото: Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті

Зерттеу жұмыстарын Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы Н. П. Подушкин атындағы археология орталығының мамандары жүргізді. Экспедицияға "Ордабасы" ұлттық тарихи-мәдени қорығының қызметкерлері де қатысты.

Археологтар зерттеген негізгі нысандардың бірі – Тасбастау қорымы. Оның диаметрі шамамен 10 метр. Құрылыс айналасы тігінен қойылған тас тақталармен қоршалып, дөңгелек пішінде салынған. Ортасында екі түрлі жерлеу құрылысы орналасқан.

Нысанның бұрын тоналғанына қарамастан, қазба кезінде қыш ыдыстардың сынықтары мен тұмар табылды. Жәдігерлер қорымның б.з.д. XIV–XII ғасырларға, яғни кейінгі қола дәуіріне тиесілі екенін көрсетеді.

А. Н. Подушкиннің айтуынша, Қызылкөлдегі қорымның басты ерекшелігі – оның дөңгелек пішінде салынуы.

"Оңтүстіктегі Таутары, Бағаналы секілді қола дәуірі қорымдарында жалпақ тастан жасалған қоршаулар мен тас жәшіктер кездеседі. Ал Қызылкөлдегі нысанның ерекшелігі – оның дөңгелек пішінде болуы. Бұл оны өңірдегі аз зерттелген қола дәуірі ескерткіштерінен ерекшелейді", – деді ғалым.

Сонымен қатар Қызылкөл-1 қорымының үшінші сағанасына қазба жүргізілді. Отбасылық жерлеу орнынан ер адам, әйел және екі баланың сүйектері табылды. Бұдан бөлек, сусар немесе түлкі сүйегінен жасалған сирек кездесетін тұмар анықталды.

Әйел адамның бас сүйегін зерттеу кезінде де ерекше дерек шықты. Оның самай тұсында ежелгі қару – соғыс балғасының соққысынан қалған жарақат ізі сақталған. Ғалымдар бұл жарақат адамның тірі кезінде салынғанын және өлімге себеп болуы мүмкін екенін айтады.

"Қазіргі таңда екі нұсқа қарастырылып отыр. Бір болжам бойынша, әйел жерлеу рәсімі кезінде өлтіріліп, ер адаммен бірге жерленуі мүмкін. Алайда оның шайқас кезінде жараланып, жарақатынан қаза болуы да ықтимал", – деді А. Н. Подушкин.

Профессордың сөзінше, әйелді ер адаммен бірге жерлеу үшін өлтіру дәстүрінің Қаңлы мемлекетінде болғанын дәлелдейтін нақты дерек жоқ. Керісінше, сол кезеңде әйелдердің қоғамдағы әлеуметтік орны жоғары болғанын көрсететін мәліметтер бар.

"Қаңлы құрамында сармат тайпалары болғанын ескерсек, әйелдердің әскери қақтығыстарға қатысуы да мүмкін. Сармат қоғамында әйелдердің жауынгер ретінде соғысқа қатысқаны белгілі", – деді ғалым.

Қызылкөл тарихи-мәдени аймағындағы археологиялық зерттеулер алдағы уақытта да жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу