Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2026 жылы әлем назарын өзіне аудартатын бірегей спорт мерекесі – XXV Қысқы Олимпиада ойындары. Ойындар Италияның Милан және Кортина-Д'Ампеццо қалаларында 6-шы және 22-ші ақпан аралығында өтеді. Жарысқа 93 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Барлығы 116 марапаттар жиынтығы ойнатылады. Ұлттық команда спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша бақ сынасады", – деді ведомство басшысы.
Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.
Салтанатты ашылу рәсімі 2026 жылдың 6 ақпанында Милан қаласында өтеді, ал жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында ұйымдастырылуы жоспарланған. Ойындар бағдарламасы конькимен жүгіру және шаңғы жарысы спортшыларының өнер көрсетуімен басталады. Соңғы кезеңде тау шаңғысы бойынша жарыстары өтеді.
"Болжамға сәйкес, ұлттық команданың құрамында 35-ке жуық спортшы болады деп күтілуде. 2022 жылы Пекинде өткен қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын 34 спортшы қорғаған. Қазіргі уақытта Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар, спортшыларымыз шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды", – деді Ербол Мырзабосынов.