Спорттық-әуесқой аңшылық: Киік санын азайтуға қандай тәсілдер қаралып жатыр?

704

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі киік санын реттеу тәсілін әлі таңдаған жоқ. Нақты шешім қазанда шығады. 

Спорттық-әуесқой аңшылық: Киік санын азайтуға қандай тәсілдер қаралып жатыр?

Бұл туралы Үкімет кулуарында сала министрі Серікқали Брекешев журналистерге айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Біз қазір қоғамнан келіп түскен ұсыныстарды қарастырып жатырмыз. Оның ішінде басқа өңірлерге мәжбүрлі қоныстандыру мәселесі де бар. Алайда ғылыми қоғамдастық бұл әдісті тиімсіз және қолайсыз деп таныды. Айдағанда киіктердің қырылу қаупі жоғары және бұрынғы орнына қайтып оралуы да ықтимал. Сондықтан бұл шешім қабылданбады", – деп атап өтті ведомство басшысы.

Қасқыр санын көбейту ұсынысын да сарап көрген екен. Бірақ бұдан "бірден ойлағанымыздай бола қоймайды". 

"Қасқыр негізінен әлсіз, ауру жануарларға тиеді. Оны орман санитары деуге болады. Сондықтан бұл, керісінше, табынды мықты қылуға бағытталған әдіс болып кетуі ықтимал", – деп түсіндірді Брекешев.

Оның айтуынша, келесі жылы спорттық-әуесқой аңшылық ұйымдастырылуы мүмкін.

"Ақылы аң аулау тәсілі. 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін аң аулауға тыйым салынғаны белгілі. Біз осы сұрақты қазір қарап жатырмыз, шешімін қазанның соңына дейін айтамыз", – деді министр.

Айта кетейік, БҚО-ның ауыл шаруашылығы өндірушілері "киіктер жайылым мен егістіктерді жайпап жатқанын" айтып шағымданған. 

Бұған дейін Орал популяциясының 80 мың киігін ату туралы шешім қабылданып, қоғам наразылығына ұшыраған. Сонымен бірге президент те сала министріне сөгіс берген. 

Қазір Орал популяциясының саны, шамамен, 800 мыңнан асады. 

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу