Stadler вагондары алғаш рет Астана – Алматы бағытына жолға шықты

342

Жаңа вагондарда Wi-Fi, USB-C және климаттық бақылау жүйесі бар.

Stadler вагондары алғаш рет Астана – Алматы бағытына жолға шықты Фото: ҚТЖ Press

11 қарашада Астанадағы "Нұрлы жол" вокзалынан Қазақстанда швейцариялық Stadler компаниясының технологиясы бойынша құрастырылған вагондардан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа вагондар күн сайын №3/4 "Нұрлы жол – Алматы-2" бағыты бойынша қатынайды.

Пойыз Астанадан сағат 13:10-да жөнелтіліп, Алматыға келесі күні сағат 08:30-да жетеді.

Жаңа вагондардың техникалық жабдықталуы мен жол жүру жағдайларымен БАҚ өкілдері де танысты. Ал алғашқы жолаушыға естелік сыйлық табысталды.

Stadler вагондары Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген. Олар –50-ден +45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға есептелген. Қызмет ету мерзімі – 40 жыл.

Купе вагондары 40 жолаушыға, ал плацкарт вагондары 58 жолаушыға арналған. Жолаушыларға климаттық бақылау жүйесі, жеке жарықтандыру, 220 В розеткалары, USB және USB-C қосқыштары, Wi-Fi, бейнебақылау жүйесі мен багаж аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ қозғалысы шектеулі жолаушыларға арнайы жағдай жасалған. Пойыз құрамында вагон-буфет те бар.

Бүгінде "Жолаушылар тасымалы" АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдаған. Келісімшарт бойынша 2030 жылға дейін 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізу жоспарланған. Одан кейін оларға сервистік қызмет көрсетіледі.

Stadler вагондарынан жасақталған келесі пойыз 13 қарашада "Нұрлы жол – Семей" бағытына шығады.

Билеттерді bilet.railways.kz сайтынан және теміржол кассаларынан сатып алуға болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу