Сталкинг бойынша сотталып, кейін бұл іске қайтадан баратындарға жазаны қатаңдату ұсынылды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі таңда сталкинг бойынша Қылмыстық кодекстің 115-1 бап бойынша норманы қатаңдату мәселесі қарастырылуда. Қайталанған қылмысты жасау туралы белгіні кодекске енгізіп, жазаны қатаңдату бойынша ұсыныс жасап отырмыз. Осы қылмысты орта дәрежелі қылмысқа саралап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру мәселесі қарастыратын болады. Бұл мәселені көтеріп жатырмыз. Себебі құқықтық практикаға сүйенсек, қайтадан жасалған қылмыстарды дұрыстап саралау үшін осыны міндетті енгізу керек деп ойлаймыз", – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында.
Спикер сталкинг дегеніміз әйелдердің мазасын алу, оларды үйдің кіреберісінде торуылдау, қорқыту екенін еске салды.
"Сталкинг бойынша 274 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 83 іс сотқа жолданды. 59 тұлға сотталды", – деп атап өтті Санжар Әділов.
Некеге мәжбүрлеу бойынша 12 іс сотқа жолданғаны айтылды.