Әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор әрі География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Университеттің ресми мәлімдемесінде қайғылы жағдай оқу орнының бүкіл ұжымы үшін орны толмас қаза екені айтылған.
"Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Орын алған қайғылы жағдайға байланысты университет басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданды. Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылды", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілікте тұрған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
Университет басшылығы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қазіргі уақытта барлық жатақханада кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға кәсіби психологиялық көмек көрсету бағытында қосымша шаралар қолға алынған.
ҚазҰУ өкілдерінің мәліметінше, университет құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толықтай жәрдемдесіп, істің әділ әрі ашық қаралуына мүдделі.
"ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу құпиясына байланысты өзге ақпаратты жариялай алмаймыз. Дегенмен қоғам мен марқұмның жақындарына оқиғаға қатысты барлық жаңалықты шынайы түрде хабарлап отырамыз", – деп мәлімдеді университеттің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, География және табиғатты пайдалану факультетінің 1 курс студенті жатақханада қаза тапты.
Полиция адам өліміне қатысы бар күдіктіні ұстады. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы бір айдың ішінде ұлттық университетте білім алатын 2 студент қаза тапты. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге қосымша ақпараттар жария етілген жоқ.