Студент ЖЭО күлін пайдаланып, тротуар тақтасын өндіру технологиясын әзірледі

496

Жылына 10 мың текше метр өнім өндірілген жағдайда 59,1 млн теңге үнемдеуге болады.

Студент ЖЭО күлін пайдаланып, тротуар тақтасын өндіру технологиясын әзірледі Фото: gov.kz

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курс студенті Балауса Мұсабек жылу электр орталығының күлі мен Тасбөгет кен орнының шағыл құмын пайдаланып, тротуар тақтасын өндіру технологиясын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Зерттеудің мақсаты – өндірістік қалдықтарды қайта пайдалану және жергілікті шикізатты тиімді қолдану арқылы құрылыс материалының өзіндік құнын төмендету әрі қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту. Жоба PhD Гүлнұр Жақыпованың ғылыми жетекшілігімен жүзеге асырылады.

Материалдың қасиеттерін анықтау үшін зертханада 45 сынақ циклі жүргізіліп, үлгілердің микроқұрылымы зерттелді. Жаңа құрамнан жасалған тақталардың сығылуға беріктігі 75,42 МПа-ға жетті. Бұл бақылау үлгілерінің көрсеткішінен шамамен 23 пайызға жоғары. Сондай-ақ сынақ нәтижелері жаңа тақталардың суды аз сіңіретінін және қажалуға төзімділігі жоғары екенін көрсетті. Зерттеушілер материалдың аязға төзімділігін F300 деңгейінде бағалады.

Жоба аясында жүргізілген есептеулерге сәйкес бір текше метр тротуар тақтасының өзіндік құны дәстүрлі технология бойынша 47 238 теңгені, ал ұсынылған технология бойынша 41 328 теңгені құрайды. Осы есеп бойынша әр текше метр өнімге жұмсалатын шығын 5 910 теңгеге азаяды. Жылына 10 мың текше метр өнім өндірілген жағдайда 59,1 млн теңге үнемдеуге болады.

Жаңа технологиямен жасалған тақталар тұрғын үйдің ауласына төселіп, нақты пайдалану жағдайында сыналды. Бақылау кезеңінде тақталардың бетінде көзге көрінетін жарықтар мен кетіктер байқалмады.

Қазіргі уақытта технологияны өндіріске енгізуге дайындық жүргізіледі. Келесі кезеңде материал құрамындағы зиянды элементтердің сумен шайылу ықтималдығын бағалау үшін қосымша экологиялық сараптама жүргізу, тақталарды өндірістік жағдайда сынау және оларды шығаратын арнайы өндірістік желіні іске қосу жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу