Студенттердің жатақхана мәселелері жөніндегі ахуалдық орталық іске қосылды

176

Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.  

Студенттердің жатақхана мәселелері жөніндегі ахуалдық орталық іске қосылды Фото: primeminister.kz

Қазақстанда студенттердің жатақханаға орналасу мәселесін шешуге көмектесетін ахуалдық орталық өз жұмысын бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, 10 мыңға жуық орын тапшылығы бар Алматыдан басқа өңірлердің көпшілігінде жатақханалардағы орын мәселесі шешілген.

"Бірінші курс студенттеріне басымдық беріледі. Үш жыл бұрын тапшылық 88 мың орынды құраса, қазір ол 10 мыңға дейін қысқарды", – деп атап өтті министр.

Ахуалдық орталық өткен аптада жұмысын бастады. Егер жатақханадан орын берілмесе немесе қоныстануда қиындықтар туындаған жағдайда барлық курс студенттері орталық қызметіне жүгіне алады. Қажет болған жағдайда ЖОО аралық үйлестіру шеңберінде студенттер бос орындары бар басқа оқу орындарының жатақханаларына жіберіледі.

Сонымен қатар қиын жағдайға тап болған студенттерге, мәселен, түнде келген, жатақханаға қоныстанбаған студенттерге дағдарыс орталығынан 55 орын бөлінген. Уақытша орналастыру үшін жылына үш рет тексеруден өтетін хостелдер де қарастырылған.

"Біз бірде-бір студент көшеде қалмауы керек деген қағиданы негізге алдық. Бұл үшін барлық қажетті шаралар қабылданды", – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері бойынша ахуалдық орталықтың байланыс нөмірлері:

  • +7 (700) 255 14 43
  • +7 (700) 950 95 28
  • +7 (727) 237 01 70

Биыл 10 439 орындық 29 жатақхананы іске қосу жоспарланған. Олардың ішінде ЖОО студенттеріне 20 жатақхана, колледж студенттеріне 9 жатақхана арналған.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөзінше, қазір 3528 орындық 4 жатақхана пайдалануға берілді. Олар – Түркістан қаласында 652 орындық 2 жатақхана, Астана қаласында 2876 орындық 2 жатақхана.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу