Су беру келісімшарттары электронды форматқа көшірілді

114

Суару маусымы басталғалы Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен 29 мыңнан астам электронды келісім жасалды. 

Су беру келісімшарттары электронды форматқа көшірілді Фото: gov.kz

Биыл алғаш рет Су ресурстары және ирригация министрлігінің "Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы" КЕАҚ әзірлеген жаңа биллинг жүйесін енгізу арқылы "Қазсушар" РМК-мен суармалы су беру жөніндегі келісімшарттарды рәсімдеу үдерісі цифрлық форматқа көшірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Суару маусымы басталғалы Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен 29 мыңнан астам электронды келісім жасалды. Шаруалардың айтуынша, биллинг жүйесі келісімшарттарды рәсімдеу және су беру қызметтерінің ақысын төлеу үдерісін жеңілдетіп, су ресурстарын бөлудің ашықтығын арттырған.

"Бұған дейін қағаз толтырып, судың ақысын мекемеге апарып беретін едік. Қазір электронды форматқа ауысып, құжаттың бәрі түгелденді. Бұл өзгеріс шаруаға ыңғайлы болды. Себебі құжатты бір рет өткізсең жеткілікті. Биыл судан қиналмадық. Біз каналдың ең соңғы бөлігінде орналасқанбыз. Соған қарамастан су уақытылы жеткізіліп тұрды. Бұрын су мұндай көлемде келмейтін. Биыл қалаған көлемдегі суымызды алдық", – деді шаруа Қуаныш Данияров.

"Бұрын суға ақша төлеу үшін "Қазсушарға" өзіміз жүгіруші едік. Қазір электронды форматқа көштік. Бұрынғыдай барып жүрмей, онлайн төлем жасаймыз. Бұл бізге жеңіл болды. Су да уақытылы берілді. Екі рет мақта мен қауын алқаптарын суардық", – деді шаруа Еркін Якупов.

Биллинг жүйесін енгізу суды пайдаланудың ашықтығын арттырып, заңсыз пайдалану тәуекелдерін барынша азайтты. Сонымен қатар тұтынушылардың "Қазсушар" РМК алдындағы берешегін азайтуға және оңтүстік өңірлерде суды пайдалану лимиттерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Алдағы уақытта биллинг жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі аталған жүйені каналдар арқылы су беру қызметін көрсететін басқа да мекемелерде де келісімшарттарды рәсімдеу үшін енгізуді көздеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу