Су кеңесінің отырысы: Олжас Бектенов өңірлердегі гидронысандарды жаңғырту жұмыстарын күшейтуді тапсырды

231

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Су кеңесінің отырысы өтті.  

Су кеңесінің отырысы: Олжас Бектенов өңірлердегі гидронысандарды жаңғырту жұмыстарын күшейтуді тапсырды Фото: primeminister.kz

Жиында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің Президенттің су саласын жаңғырту, жаңа су қоймаларын салу үшін су үнемдеудің озық технологияларын пайдалану жөніндегі тапсырмаларын орындау жөніндегі есептері тыңдалды. Сондай-ақ Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін енгізуге назар аударылды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Премьер-министр кәсіби мерекесі қарсаңында су саласының қызметкерлерін құттықтап, өңірлердің тұрақты дамуы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында олардың еңбегі стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы және Су саласын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде жалпы қаржыландыру көлемі 3,2 трлн теңге болатын 160 іс-шара жүзеге асырылуда.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2024-2025 жылдары Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында 5 су қоймасын қайта жаңарту аяқталғанын баяндады. 1,5 мың шақырымға жуық каналға жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілген, 1 млн адамға жуық халықты қамтитын ауыз сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау бойынша 22 жоба жүзеге асырылды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны шамамен 5 есеге жуық өсіп, қолдану алқабы 550 мың гектарға жетті, бұл шамамен 880 миллион текше метр суармалы суды үнемдеуге мүмкіндік берді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта су қоймаларын салу және реконструкциялау, ұзындығы 14,5 мың шақырым суару каналдарын жаңғырту, оның ішінде кемінде 3,5 мың шақырым каналды цифрландыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, саланы цифрландыру және кадрлық әлеуетті нығайту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2026 жылы шамамен 1 мың шақырым каналды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 200 мың гектарға жуық суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартады. Сонымен қатар сумен жабдықтау объектілерін салу және реконструкциялау бойынша 12 жоба іске қосылады. Нәтижесінде жалпы саны жарты миллионнан асатын халқы бар 142 ауылдық елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Саланы кадрлармен қамтамасыз ету және су шаруашылығы саласындағы жұмыстың тартымдылығын арттыру мақсатында сала мамандарын даярлайтын оқу орындарының желісі кеңейтілді, білім беру гранттарының саны жыл сайын ұлғайтылып келеді. 2023 жылдан бері 1 652 грант бөлінді. Алдағы оқу жылына тағы 1 000 грант бөлу жоспарланып отыр. Кадр саясатының негізгі бағыттарының бірі – еңбекақыны арттыру.

Соңғы 2,5 жылда "Қазсушар" РМК қызметкерлерінің орташа жалақысы екі еседен астам өсті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу