Су қоймаларын салу терең зерттеуді қажет етеді

1321

Қызылорда облысында 2,3 миллиард текше метрді құрайтын 6 су қоймасын салу жоспарлануда.

Су қоймаларын салу терең зерттеуді қажет етеді

Аймақта балық шаруашылығын дамыту жұмыстары қолға алынуда. Осы мақсатта 2030 жылға дейінгі арнайы бағдарлама қабылданып, 55 балық аулау фермасы іске қосылмақ. 

Бүгінде Саратов жобасының 1-кезеңінің жүйелі жүзеге асуының нәтижесінде кіші теңізде тіршілік түрленіп балық қоры молайды. Былтырғы жылы Арал өңірінде 8 мың тонна су маржаны ауланып, оның 3 мың тоннасы қайта өңделіп шетелге экспортталды. Енді мәселе ауқымды жобаның 2-кезеңін жүзеге асыру, яғни "Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу" деп аталатын жаңа жобаның 8 компонентін іске асыру. Оның төртеуіне республикалық бюджеттен қаржы бөлінбек. 

Былтыр аймақ диқандары судан тапшылық көргенін жазған болатынбыз. Биылда бұл жағдай қайталануы мүмкін. Сондықтан жергілікті билік өкілдері су қоймаларын салуды жоспарлап отыр. Жалпы аймақта су қорын молайту, тапшылықты азайту мақсатында 2,3 миллиард текше метрді құрайтын 6 су қоймасын салу жобасы жоспарланып отыр. Ендігі мәселе осы су қоймаларының өңірге қаншалықты пайдасы барын анықтау мәселесі тұр. Осыған орай, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаевтың пікірінде ортаға салуды жөн көрдік.  

"Су мәселесі Қызылорда өңірі үшін өте өзекті әрі маңызды мәселе. Біз жыл сайын Сырдария өзені арқылы 4,2 миллиард көлемінде су аламыз, оның 3,1 миллиард көлеміндегісі егін, яғни күріш шаруашылығына жұмсалады. Біз "Көксарайды" саламыз деп жүргенде Өзбекстан мемлекеті жоғары ағыстан қаншама майда су қоймаларын салып алды. Мына Түркістан облысында қазіргі уақытта 31 шағын су қоймалары салынып жатқандығы айтылды. Яғни, олар судың бәрін жинап алуға жұмыс жасап жатыр. Ал біз өз территориямызда біріншіден сақтауға тиімді жерден суды жинап алуды, екіншіден пайдалану мүмкіндігі бар жерлерден салуымыз керек. Терең зерттеулер жасау керек, жалпы сала беруге болмайды. Онда қанша суды сақтайсыз? Мысалы, "Күміскеткен" су қоймасы жөнінде көптеген әңгіме айтылып жатыр. "Күміскеткен" әрі қарай зерттеуді қажет етеді. Әрине мол су кезінде оған жіберуге болады. Ал бірақ су аз кезінде, ол су қайтып келмейтін болса оның қайтарымы қалай болады. Біздің мақсатымыз егіске жеткілікті су беру, Аралды тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету. Сондықтан осы айтылған жобаларды облыс көлемінде терең ғылыми зерттеп, техника-экономикалық негіздемесін жан-жақты ғалымдардың зерттеу қорытындысын алып барып жасаған дұрыс",–  дейді басқарма басшысының орынбасары Қ.Сәрсенбаев. 

Расы сол, су тапшылығы аймақ диқандарын биылда әбігерге салуы мүмкін. Сондықтан асыраушы сала өкілдері егіс көлемін азайтып, суды аз тұтынатын "Әйгерім" және "Сыр сұлуы" сорттарын егуді ұсынып отыр. Сондай-ақ әртараптандыру бағытында түйе, жоңышқа, соя, жаздық және күздік бидайдың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырғандарында жеткізді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу