Ведомство су саласында жұмыс істейтін мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін бірқатар іс-шаралар әзірлеген. Атап айтқанда, министрлік "Табиғи монополиялар туралы" заңға өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл өзгерістер су саласы қызметкерлерінің еңбекақысын электр және жылу саласында қызмет ететін мамандардың жалақысымен теңестіруге бағытталған.
Қазір заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілді. Түзетулер қабылданған жағдайда, 2025 жылдың екінші жартысында су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға өседі.
Сонымен қатар Қытай, Франция, Израиль, Нидерланд және АҚШ елімен қазақстандық кадрларды қайта даярлау бойынша келісімдер жасалған. Қазірдің өзінде ондаған маман шетелде оқып келіпті. Бұл ретте барлық шығынды қабылдаушы тарап өтеген.
"Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында "Отбасы банк" су шаруашылығы саласы мамандарына жеңілдетілген шарттармен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін ипотекалық бағдарламаны іске қосты.
"Дипломмен ауылға" бағдарламасына "Гидротехник-инженер", "Су ресурстары және су пайдалану", "Мелиорация, рекультивация және жерді қорғау" мамандықтары қосылды. Ауылға қоныс аударған су мамандарына берілетін бюджеттік несие көлемі 7,8 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
"Қазақстанның су шаруашылығы саласында 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Оларға қолайлы еңбек жағдайын жасап, лайықты жалақымен қамтамасыз ету біз үшін маңызды. Су шаруашылығы саласы мамандарын әлеуметтік қолдау, сондай-ақ оларды қайта даярлау инфрақұрылымды дамыту мен нормативтік құқықтық базаны жетілдіруден кем емес. Былтыр 7 мыңнан астам адамның жалақысы орта есеппен 25%-ға өсті. Су шаруашылығы мамандығының беделін арттыру үшін министрлік бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді",
– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.