Жылу және ыстық суға берешегі бар 5184 тұрғыннан қарызды өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізілді.
Алматы жылу желілері жылу энергиясы үшін миллиардтаған қарызды төлемеген тұрғындардан ақшаны сот арқылы өндіруге кірісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мүлдем қарыз төлмегендердің мүлік және банктік шоттары бұғатталып, шетелге шығуға тыйым салынады. Сонымен қатар қарызды толық өтемейінше оларға ыстық су беру тоқтатылады.
Қарыз туралы бірнеше рет ескерту алғанына қарамастан, тұтынушылардың бір бөлігі коммуналдық қызметті жеткізушінің заңды талаптарын елер емес. Жыл басынан бері Алматыда жылу энергиясы үшін төлем жасамаған 600-ден астам абонентке ыстық су беру шектелген. Сонымен қатар заңды тұлғаларға сотқа дейінгі 3345 талап жіберілді.
Жылумен және ыстық сумен жабдықтау үшін қарызы бар 5184 тұрғыннан қарызды өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізілді. Ол үшін сотқа талап-арыз берілді, сондай-ақ нотариустарға атқарушылық жазбалар жасау үшін арыздар жіберілді. Бүгінде сот орындаушылары қарызды өндіріп алу бойынша іс-шараларды жалғастыруда.
Коммуналдық қызметке төлем жасамаған 1754 борышкерге қатысты шектеу шаралары қабылданды:
- 926 борышкердің мүлкіне тыйым салынды (жылжитын және жылжымайтын);
- 822 банктік шот бұғатталды;
- 254 борышкерге қатысты Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға тыйым салынды;
- 144 азаматтың жалақысы мен өзге де табысынан берешек ұсталды.
Бүгінде Алматы жылу тұтынушыларының пайдаланған ыстық су мен жылу үшін жиынтық қарызы шамамен 2 млрд теңге.
"Алматы жылу жүйесі" ЖШС қала тұрғындарын жауапкершілік танытуға, қарызды жинамай, жылумен жабдықтау қызметін уақытылы төлеуге шақырады.