Су тасқыны: Жаңа үй салуға бөлінетін қаражат азаматтарға берілмейді

148

Төтенше жағдай кезінде үйлер салуға тендер жарияланбайды. 

Су тасқыны: Жаңа үй салуға бөлінетін қаражат азаматтарға берілмейді Фото: gov.kz

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мемлекеттің тасқыннан зардап шеккендерге үйлерді өзі салып беретінінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілшілер спикерден "Мемлекет су тасқынынан зардап шеккендерге өзі үй салып бере ме?" деп сұрады.

"Мемлекет ешкімнің қолына ешқандай қаражат бермейді. Мысалы, әр адам әртүрлі. Жауапкершілігі бар және жоқ адамдар бар. Қазіргі таңда үй салу үшін және үйді қайтып тұрғызуға қолға қаражат берілсе, адам осы қаражатты басқа мақсатқа жұмсауы мүмкін. Кейін қыста не істейміз? Тағы ақша береміз бе немесе тағы үй тұрғызамыз ба? Мемлекеттің шешімі осындай. Әр зардап шеккен адамның таңдауы бар: үйді қайтып тұрғызу немесе әкімдіктер арқылы екінші нарықтан пәтер алу. Осы екі таңдаудың бірін пайдалануға болады. Жөндеу жұмысын әкімдік немесе құрылыс компаниясы жасайды. Бірнеше өңірлерде әкімдіктердің шешіміне сәйкес, тек жөндеу жұмыстарына қолға қаражат берілуі мүмкін. Үй қайтып тұрғызу үшін қаражат азаматтардың қолына бермейміз", - деп жауап берді Қанат Шарлапаев.

Оның сөзінше, төтенше жағдай кезінде үйлер салуға тендер жарияланбайды.

"Тікелей келісімшарт жасалады. Егер біз тендер жасасақ, ол бірнеше айға созылып кетеді. Құрылыс жұмыстарын созбау үшін тікелей келісімшартқа отырып жатырмыз. Бірақ Ақтөбені мысалға алсақ, онда бірнеше құрылыс компаниясы жұмысты жүргізіп жатыр. Біз бірнеше өңірде құрылыс компанияларымен сөйлестік. Үйлерді қайтып тұрғызудан құрылыс компаниялары ешқандай табыс алмайды. Бүкіл кәсіпкерлер, құрылыс компаниялары өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін сезінеді. Пайда нормасы бар, бірақ ол өте аз", - деп толықтырды ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу