Судың да сұрауы бар: үнемді білмейтін ел тапшылықты қашан сезеді?

389

80 пайыз су трансшекаралық өзен-көлдер арқылы келеді  

Судың да сұрауы бар: үнемді білмейтін ел тапшылықты қашан сезеді?

Қазақстанда алдағы 5-6 жылда су тапшылығы болуы мүмкін. Оның қасында биылғы құрғақшылық жолда қалады. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз жолдауында "2030 жылы су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үндемдеуге көшуіміз керек" деген болатын. Бірақ әлі күнге дейін Үкімет тарапынан кешенді жұмыс қолға алынбады. Саланы біліксіз мамандар басқарады, ал бөлінген қаражаттың біраз бөлігі біреудің қалтасында кетіп жатыр. Судың да сұрауы барын біздің билік білмеген бе?

Жер қойнауы мұнай мен қазба байлықтарына толы Қазақстанның өзге елдерден кемшін тұсы – ішкі суының аздығы. Біле білсеңіздер, сіз бен біздің тұтынып жүрген тіршілік нәріміздің 80 пайызы трансшекаралық өзен-көлдер арқылы сырттан келеді екен. Былтырдан бері қырғыз тарапы Шу мен Талас суын тежеп, Жамбыл тұрғындарын біраз әбігерге салып қойса, батыстағы Жайыққа да ылғал жетпей жатыр. Сарапшылар бұған елдегі салаға жауап беретін органның көршілес елдермен бір деңгейде келіссөз жүргізе алмауы себеп дейді. 

"Бөліп іше алмай отырған не себеп екенін біліп отырсыздар, келіссөз бізде қырғыздармен өмірі тарихта болмаған жағдай, көп жыл істедім. Шу, Талас бойынша 50 пайызы бізге 50 пайызы қырғыздарға, Шудың 80 пайызы бізге, 20 пайызы қырғыздарға. Кеңес үкіметі кезінде солай келісілген. Оның барлығы көршілес елдермен өз деңгейінде сушы тілінде сөйлеспейді", - деді Су саласындағы халықаралық сарапшы Ерлан Бадашев.

Өзге елдермен бір суды бөлісудің жолы жақын арада табылмаса, мұндай геосаяси жағдайдың соңы шиеленісіп кетуі мүмкін дейді сарапшылар. Өйткені Өзбекстан мен Ауғаныстанды бөліп тұрған Әмудария Сырдария мен Аралды толтыратыны белгілі. Ал ауғандар Әмударияның әр жерінен бөгендер тұрғызып қойды. Осылайша екі тарап келіспей қалды. Мұндай жағдай қырғыз бен тәжіктер арасында да болды. Сондықтан сарапшылар су сияқты күрделі мәселемен Президентке тікелей бағынышты арнайы орган айналысу керек дейді.

"Президентке ұсыныс бермекші ойымыз бар. Бірінші, Су ресурстары комитеті емес, агенттік құру жайында және ол тікелей Президентке бағынатын болуы керек. Өйткені, бұл геосаясат болғандықтан, Президенттің қолдауы керек", - деді "Байтақ" жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай.

"Байтақ" жасылдар партиясы "Су кодексіне" өзгеріс енгізу керек деген ұсыныс та айтты. Бұл бастаманы Президент те көтерген болатын. Бірақ біраз жылдан бері Су комитетін басқарған Ислам Әбішев салаға білікті мамандар келмей, бір Кодекс проблеманы шеше алады дегенге сенбейтінін айтты.

"Су саласында мамандығы түгілі каналдың не екенін ешқашан көрмегендер су саласын басқарып жүр. Бүкіл Қазақстандағы ең ірі стратегиялық су бассейндерінің барлығы балансында тұрған Қапшағай, Шардара, Бұқтырма су қоймасы, соның бәрін реттейтін, "ҚазВодХоз" дегеннің директоры қыз бала, ешқашан, ешқандай өндіріс орнында жұмыс істемеген, қабылдауда хатшы боп жұмыс істеген. Бас директор болып отырғанына 6-7 ай болды. Қалай? Бұл нонсенс", - дейді Су комитетінің бұрынғы басшысы Ислам Әбішев.

Сала мамандары Су комитеті неге басшылық етіп жүргенін білмейді дейді. Өйткені, біраз өңірлердегі бассейндер мен каналдардың тозығы жеткен, салаға құйылған қаражат дұрыс бағытталмайды екен. Ал Ресейге еш сұраусыз ағып жатқан Ертістің суы биыл тасымай Кереку жақта шөп бітік шықпай қалды. Оңтүстікті биыл қуаңшылық жайлады. Қызылорда да күріш, Таразда қызылша, Түркістан облысында мақта қурады. Сондықтан Үкімет тарапынан ауқымды жұмыстар қолға алынбаса, елде өнім шықпай, қымбашылық жайлауы мүмкін. Ал ағын судың шегі жоқ деп ойлайтын халық бір тамшы суға зар болып қалуы да бар. Камера алдында жауап беруден бас тартқан Экология министрлігі өкілдері тығырықтан шығар жол – бағаны өсіру деп отыр. Айтуларынша, елге қауіп төндіріп тұрған мәселені шешу үшін Су комитетіне қаражат жетіспейтін көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу