Қазақстандық Данна Карағұсова тарихта тұңғыш рет Қазақстаннан шыққан ғарыш турисі саналуға сәл қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
8 қазанда ғарышқа сапарлайтын Данна сондай-ақ, еліміздің атынан "ғарышты бағындырған алғашқы әйел" деген атаққа да ие болады.
Данна Қарағұсова осыған дейін ивент және дистрибуция саласында 25 жылдан аса еңбек етті, Ол – медиа және ивент-холдинг First Media Group-тың негізін қалаушылардың бірі.
– Қазір ол өзін-өзі реттеу саласындағы халықаралық IT-жобаға атсалысып жатыр. Ғарыш сапары осы зерттеу қызметінің бір бөлігі болмақ. Ғарышта ол өз командасы әзірлеп жатқан технологияларды жеке тәжірибесінде сынап көреді, – деп жазылған First Media Group-тың мәліметінде.
Данна Қарағұсова бұл сапарды көптен бері армандап жүргенін, оны орындау жолындағы бір ғана баспалдақ екенін айтып отыр.
– Адамзаттың болашағы ғарышпен байланысты. Біз жаңа көкжиектерді игере отырып, технологияларды дамытамыз және өз мүмкіндіктерімізді кеңейтеміз. Мен үшін бұл сапар – жылдар бойы еңбектенген арманымның бір бөлігі әрі зерттеу жобасының маңызды кезеңі, – дейді Данна Карағұсова.