Әлихан Смайылов қант тапшылығын қай компания тудырғанын бүгін де айтпады

586

Өңірлердегі делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиялардың жұмысы күшейеді. 

Әлихан Смайылов қант тапшылығын қай компания тудырғанын бүгін де айтпады

"Өткен аптада монополияға қарсы агенттікке қанттың қымбаттауы мен тапшылығына қатысы болуы мүмкін компания қызметін тексеруге тапсырма бердім", – деп мәлімдеді Премьер-Министр Әлихан Смайылов 16 тамызда Үкімет отырысында.

Алайда компания атауын атамады, деп жазады inbusiness.kz.

"Бұл проблеманың көтерілгеніне біраз болды. Сондықтан мұндай жағдайды жауапты органдар ертерек анықтап, алдын-алу керек", – деді үкімет басшысы.

Оның айтуынша, инфляцияны тежеу үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы тиіс.

"Тағы да назар аударатын жағдай – өңірлердегі делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиялардың жұмысын жандандырып,  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға үстемесінің 15% мөлшерінде болуын ерекше бақылауда ұстауы керек. Сондай-ақ әкімдіктер ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу үшін келісім-шарттардың уақытылы жасалуына да бақылауды күшейту керек", – деді Смайылов.

Еске саламыз, кеше Бақыт Сұлтанов Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылды. Осы уақытқа дейін қант және басқа да тауарлардың қымбатшылығы мен тапшылығы туралы сұрақ осы Бақыт Сұлтановқа қойылып келген. Ол бір ай бұрын президенттен сөгіс алғаны белгілі. "Еліміздің дүкендерінде болып жатқан жағдайды қараңыздар, өте ұят", – деген еді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында сөгіс жариялай отырып.

Сонымен бірге Президент Тоқаев "айналым схемасын" сынап, бұдан былай сауда желілерін емес, өндірушілерге қолдау көрсетуді тапсырған. Дегенмен ертеңінде Үкімет отырысында Бақыт Сұлтанов "айналым схемасын" қолдап сөз сөйлеген.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу