Абай облысында "Семей орманы" резерватындағы өрттен күйген 159 мың текше метр ағаш сатылды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер "Былтыр мемлекеттік аукцион арқылы "Семей орманы" резерватында өртенген ағаштар сатыла бастады. Қаншасы сатылды?" деп сұрады.
Министр аукционда ағаш сүрегі емес, әрі қарай өңдеу үшін жанған учаскелер қойылатынын атап өтті.
"Өткен жылы ниет танытқандар көп болмады. Біз шамамен 1,5 миллион текше метр ағаш сүрегі бойынша аукцион өткіздік. Ол жақта өрт 63 мың га аумақты шарпыды. Жалпы көлемі 6 миллион текше метр болатын орман қураған. Соның 10-15 пайызы ғана жарамды ағаш сүректері. Қалғаны ұсақ, өтімді емес. Ол құрылыс материалы ретінде де жарамайды. Сұраныстың аз болатыны түсінікті", - деді Экология және табиғи ресурстар министрі.
Ерлан Нысанбаев ағаштың әр текше метрі 10 500 теңгеден сатылғанын айтты. Сөзінше, Абай облысында ормандағы өрттен күйген 159 мың текше метр ағаш сатылған.
Айта кету керек, осыған дейін 2023 жылы тілсіз жау шарпыған "Семей орманы" өрт маусымына тағы дайын емес екенін жазғанбыз.