Сүт безі қатерлі ісігіне салынатын бір екпе 600 мың теңге тұрады

1315

Онкологтар тегін скринингтерден үзбеу өтуге шақырды.

Сүт безі қатерлі ісігіне салынатын бір екпе 600 мың теңге тұрады

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты басшысының орынбасары Нұрлан Балтабековтің айтуынша, елімізде қатерлі ісіктің асқынған түрімен ауыратын бір науқасқа үкіметтен 30-40 млн теңге бөлінеді.

Оның айтуына сенсек, мемлекет тарапынан мұндай көмек тіпті Еуропада қарастырылмаған. Онколог тегін алдын ала анықтау шаралары бойынша да еліміз Орта Азияда көш бастап тұрғанын айтады.

"Бізде обырдың асқынған түрімен ауыратын әр науқастың еміне 30 млн, 40 млн теңге бөлінеді. Мұндай ешбір елде жоқ. Мәселен, сүт безі қатерлі ісігіне салынатын бір екпе 600 мың теңге тұрады. Ал үкімет оны тегін береді. Оны халық біле бермейді. Сондықтан адамдар обыр емделмейді, жазылмайды деп ойлайды",– дейді Нұрлан Балтабеков.

Елімізде жылына обыр дертіне шалдыққа 36 мың адам тіркеледі. Бүгінгінде 180 мың қазақстандық диспансерлік ем қабылдауда. Өкініштісі, жылына 14 мың адам осы дерттің асқынуынан көз жұмады. Сондықтан ауруды ерте кезеңде анықтау үшін тегін скринингтер ұйымдастырылған.

"Қазақстанда үш тегін скринингтік жүйе бар. Олар жатыр мойны, сүт безі және колоректальдік қатерлі ісікті анықтауға бағытталған. Сонымен қатар өткен жылдан бастап скринингке қатысатындардың жас шеңберін кеңейттік. Енді 40-70 жас аралығындағы кез келген адам келіп, алдын ала тексеру шараларынан тегін өте алады.  Обыр қаншалықты ертерек анықталса, соғұрлым науқастың жазылып кету мүмкіндігі жоғары",– дейді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты басшысы Диляра Қайдарова.

Онкологтың айтуынша қатерлі ісікті алғашқы кезеңде тек скрининг анықтай алады. Себебі бастапқыда оның ешқандай белгілері болмайды. Сондықтан жыл сайын алдын ала анықтау шараларынан өту маңызды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу