Премьер-министр Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт қауіпсіздігі саласындағы түсіндіру және профилактикалық шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет басшысы жыл сайын жылу беру кезеңінде өрт қаупі арта түсетінін айтты.
"Тұрғындар пеш жағып, түрлі жылыту құралдарын пайдаланады. Алайда көп жағдайда өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты тұрғындардың жеке жауапкершілік деңгейі артпай отыр. Суық түсе қайғылы жағдайларға әкеп соғатын өрт саны көбейеді. Өткен қыста мұндай оқиғалар аз болған жоқ, оның ішінде адамдар зардап шегіп, қаза тапқан жағдайлар да орын алды", – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта тұрғын үй секторында өрт саны 12%-ға төмендеді.
"Алайда бұл профилактикалық шараларды бәсеңдетуге негіз болмауға тиіс. Жылу беру маусымы енді басталды. Күз біршама жылы болғанымен, нағыз суық күндер әлі алда. Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт қауіпсіздігі саласындағы түсіндіру және профилактикалық шараларын күшейтуді тапсырамын. Волонтерлер мен қоғам өкілдерін жұмылдыра отырып, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған жұмыстарды жандандыра түсу керек. Оқу орындарында өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша интерактивті сабақтар мен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Білім алушылар өрт кезінде қалай әрекет ету керектігін нақты білуге тиіс", – деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов демалыс және мереке күндері тұрғын үй секторында рейдтер жүргізіп, үй-жайларды аралауды тапсырды.
Айта кету керек, бұған дейін Бектенов жылу сапасына қатысты шағым көбейген өңірлерді атағанын жазғанбыз.