Сыртқы істер министрлігі Вьетнамға баратын қазақстандықтарға ескерту жасады

813

Вьетнам шекарадан өту талабын өзгертті.   

Сыртқы істер министрлігі Вьетнамға баратын қазақстандықтарға ескерту жасады Фото: danangfantasticity.com

Вьетнамға демалуға немесе іссапармен баратын қазақстандықтар үшін шекарадан өту рәсімі әлдеқайда жеңілдейтін болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сыртқы істер министрлігі туристер үшін "Алдын ала ақпарат ұсыну" (PAI) деп аталатын жаңа онлайн жүйені іске қосылғанын хабарлады. 

Пилоттық жүйенің басты ерекшелігі қандай? Енді шетелдіктер Вьетнамға ұшпас бұрын өздері туралы мәліметтерді интернет арқылы алдын ала толтырып қоя алады. Бұл әуежайға қонған кезде құжат тексеру кезегінде сағаттап тұрмай, шекарадан өте жылдам өтуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта жаңа жүйе Хошимин қаласындағы Таншоннят халықаралық әуежайында сынақ ретінде енгізілді. Жақын арада ол елдің басқа да танымал туристік аймақтарындағы Ханой, Дананг, Камрань және Фукуок әуежайларда іске қосылмақ.   

Жаңа жүйе визаны алмастырмайды. Егер сізге Вьетнамға виза керек болса, оны бұрынғыдай бөлек рәсімдейсіз. Бұл анкетаны толтыру міндетті талапқа жатпайды. Бірақ әуежайда уақыт үнемдегісі келетіндер үшін өте ыңғайлы көмекші құрал.

Тіркелу тек тегін және тек қана ресми prearrival.immigration.gov.vn порталы арқылы жүргізіледі.

ҚР СІМ интернеттегі жалған, ақша сұрайтын сайттардан сақ болуды ескертеді.

"Егер жақын арада Вьетнамға жолыңыз түссе, шекарада уақыт жоғалтпас үшін осы ресми сайтқа кіріп, сапарыңыз туралы ақпаратты алдын ала енгізіп қоюға кеңес береміз", – деп хабарлады министрлік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу