Мұндай ауызша бұйрықты Ауғанстандағы "Талибан" радикалды исламшыл қозғалысының жетекшісі Хайбатулла Ахундзада берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол "ұйым мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлер смартфон пайдаланбауы керек" деген пікірде.
Ахундзаданың бұйрығын "Талибанның" Әділет министрлігі Ауғанстанның 8 аймағындағы Жоғарғы соттың әскери бөлімшесіне қарайтын әскери соттардың басшыларына жеткізген.
– Бұл нұсқаулық туралы аталған аймақтардағы полиция басшылары мен барлау қызметтерінің жетекшілері де хабардар етілді, – делінген жарияланымда.
Материал авторлары Ауғанстан билігі бақылауға алынатын әр адамның аты-жөні, қызметі, жұмыс орны, ұялы байланыс операторы мен телефон нөмірі көрсетілген тізімді алдын ала дайындап қойғанын мәлім етті.
Осыған дейін талибтер смартфон пайдалануға және тірі жандардың бейнесін жариялауға қатысты шектеулер енгізген еді. 2025 жылы ғана Хайбатулла Ахундзада "Талибан" мүшелерін смартфонды аз пайдалануға шақырған болатын.
Afghanistan International басылымы бірнеше күн бұрын ғана "Талибан" үкіметіндегі Білім министрлігінің исламдық білім беру бөлімі де оқушыларға мектептер мен діни семинарияларға смартфон алып келуге тыйым салатын нұсқаулық шығарғанын жазды.