Тағы бір мейрамханада сауда орны ашылды

1310

Пандемияға байланысты бизнес басқа бағытқа бейімделіп келеді.

Тағы бір мейрамханада сауда орны ашылды

Павлодар қаласының қақ ортасындағы "Paradise" мейрамханасы "Таир" әлеуметтік дүкеніне айналды. Мерекелік жиындар болмаған соң табыстан қағылған тойхана иесі 200-250 орындық ғимаратты басқа кәсіпкерге жалға беруді жөн деп санаған. Сөйтіп, бұған дейін талай той өткен мейрамхана аз уақыт аралығында дүкенге сай жабдықталып, күні кеше есігін айқара ашты.

Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің инспекторы Нұржан Әбішевтің айтуына қарағанда, тауарларды делдалсыз, яғни тауар өндірушінің өзінен тікелей сатып алу тетіктері қарастырылған.

"Мұнда әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түріне қосылатын үстемақы 10%-дан аспайды. Сонымен қатар, "МолКом", "Галицкое" сынды ірі сүт өндірушілермен арнайы меморандум жасалып, соның аясында әлеуметтік дүкендерге өнімдерді өзге сауда орындарымен салыстырғанда арзанға беретін болды", - дейді Нұржан Әбішев.

Бұған дейін қонақтарды қабылдаған нысанның енді тұтынушыларға тауарларды тиімді бағамен ұсынатынына тұрғындар риза.

"Біздің ауданда азық-түлік өнімдерін төмен бағамен сататын әлеуметтік дүкен болған жоқ. Ал жаңа сауда орнында бағалар өзгелерден едәуір арзан екен. Енді осы қалпында қалып, күн сайын құбылмаса болғаны", - дейді тұрғын Айман Сапарғалиева.

Бірнеше жыл бойы мейрамхана ретінде жұмыс істеген бизнес нысанының бағытты өзгертуі - Павлодар облысында орын алып отырған алғашқы тәжірибе. Жақында Тараз қаласында да тойхана сауда орнына, Шымкентте мектепке айналғаны белгілі.

Ажар Дәулетова

Фото: Станислав Манаков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу