Тайландтың Пхукет аралы маңында туристік катер мен балық аулау кемесі соқтығысып, салдарынан катер суға батқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға кезінде катер бортында 55 адам болған. Олардың ішінде Қазақстанның 8 азаматы бар.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, зардап шеккен отандастарымыздың барлығына дер кезінде медициналық көмек көрсетілген.
"Зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының 3 азаматы ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауына алынды. Олардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр, барлық шығынды сақтандыру компаниясы өтейді. Консул азаматтармен тұрақты байланыста болып, қажетті қолдау көрсетіп жатыр", – деп хабарлады СІМ.
Қазір оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Тайланд билігі мен құтқару қызметтері апаттың мән-жайын тексеруді жалғастырмақ.
Қазақстандық дипломаттар жағдайды бақылауда ұстап отыр. Зардап шеккен азаматтарға қажетті құқықтық және медициналық қолдау көрсетілуде.