Yandex прокуратураға жүргізушілердің табысы туралы деректерді беретін болды. Алматы прокуратурасы мен Yandex Qazaqstan ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Алматы қаласының прокуратурасы атынан қала прокуроры Серік Кәріпбеков пен Yandex Qazaqstan атынан компания басшысы Тимур Шалекенов алимент төлеуден жалтарғандарға қарсы және балалардың құқықтарын қорғауға әрекет етуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Формальді түрде жұмыссыз, бірақ іс жүзінде сандық платформалар, оның ішінде Яндекс Такси сервистері арқылы табыс табатын қасақана алимент төлемейтіндердің нақты табыстарын жасыру фактілері анықталған", – деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.
2025 жылы осындай 110 факті анықталды, 57 адамға әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды, 10 факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
"Келісім кірістерді жасыру және алименттік берешектің пайда болу фактілерін анықтауға және жолын кесуге көмектеседі. Аталған меморандум балалар құқықтарын қорғауға және мемлекет пен әлеуметтік жауапты бизнестің өзара іс-қимылы негізінде алименттік міндеттемелерді орындаудың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған", – деп хабарлады прокуратура.