Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде өрт шықты. ТЖМ-нің "112" құтқару пультіне келіп түскен хабарлама бойынша оқиға орнына төтенше жағдайлар бөлімшелері шұғыл жетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға орнына алғашқы болып келген өрт сөндірушілер 8 және 9-қабаттардың балкондары отқа оранғанын анықтады. Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында өрт қысқа уақыт ішінде толықтай сөндірілді.
Оқиға кезінде тұрғын үйден 35 адам, оның ішінде 11 бала өз бетінше қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
Сонымен қатар кәсіби құтқарушылар тағы 7 адамды, оның ішінде екі кәмелетке толмаған баланы құтқарып, эвакуациялады.
Өрттен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.