Талдықорғанда жеке кірме жолда вагондар рельстен шықты

94

Талдықорған қаласында жеке кірме жолда жүк вагондарының рельстен шығу дерегі тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Талдықорғанда жеке кірме жолда вагондар рельстен шықты Фото: ҚТЖ

ҚТЖ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 31 қаңтарда сағат 21:36-да Талдықорған станциясындағы "Bars Build" ЖШС-не тиесілі жеке кірме жолда №215 жалғау жолында тұрған бес тиелген цистерналы вагон тобы өздігінен жылжыған. Нәтижесінде вагондар №214 сақтандыру жолының тұйық призмасына соқтығысып, екі вагон рельстен шыққан.

"Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ, жүктің ағуы тіркелмеді", – делінген хабарламада.

Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жұмылдырылған. Атап айтқанда, 25 адамнан тұратын жеке құрам және 7 бірлік техника тартылды.

Сондай-ақ баспасөз қызметі 1 ақпан күні сағат 00:25-тен бастап Талдықорған – Қарабұлақ аралығы пойыз қозғалысы үшін уақытша жабылғанын хабарлады. Осыған байланысты №3604 пойызының қозғалысы кідіртілген. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Аталған оқиға “ҚТЖ” ҰК” АҚ жауапкершілік аймағына кірмейтін жеке кірме жолда орын алды", – деп атап өтті баспасөз қызметі.

Оқиғаның себептері арнайы құрылған комиссия тарапынан анықталатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу