Талдықорғандағы Елбасының ескерткіші қалпына келтіріле ме

1306

Алматы облысының әкімі қаңтар оқиғасының хронологиясына тоқталды.

Талдықорғандағы Елбасының ескерткіші қалпына келтіріле ме

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Талдықорғандағы ескерткішін қалпына келтіру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев онлайн брифинг барысында мәлімдеді, деп жазды inbusiness.kz.

"Ескерткішті қалпына келтіруге келмейді және бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ", – деді Бозымбаев баспасөз мәслихатында.

Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте аймақ басшысы қаңтар оқиғасының хронологиясына тоқталды.

"Жаппай наразылықтың алғашқы күндері мен халық алдына шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастадым. Қаңтардың 4-і күні кешке наразылық білдірушілерге барып, барлық мәселелерді талқылауды өтіндім. Түнгі сағат 01:00-ге қарай наразылық білдірушілердің 30%-ы үйлеріне қайтты. Даулар болды, жұрт ызаланып, айғайлады, ең бастысы сол күні қан төгілмеді, митинг тыныш аяқталды деп ойлаймын. Түнгі сағат 2:00 шамасында халық үйлеріне тарады", – деді облыс әкімі.

Алайда аймақ басшысының айтуынша, 5 қаңтарда жағдай мүлдем басқа арнаға тоғысқан. 500-ге жуық адам тәртіпсіздіктер ұйымдастырған, олардың көпшілігі жастар, әкімшілік ғимараттарды қиратып, өртей бастаған.

"Мен облыстың әр аудан, қала әкімдерімен сөйлестім, ҰҚК басшылығымен бірге біз арнайы штаб құрдық, оның құрамына полиция, ұлттық ұлан және басқа да ведомстволардың қызметкерлері кірді. Мен Ішкі істер министрлігімен келіссөздер жүргізу үшін Нұр-Сұлтанға ұшып келдім, астанадан қосымша күш сұрадық, аймаққа арнайы жасақ келді, лаңкестікке қарсы арнайы операция басталды. Осы келісілген әрекеттердің нәтижесінде тәртіп орнады", – деп түйіндеді сөзін Қанат Бозымбаев.

Еске салайық, Тұңғыш Президенттің ескерткіші қаңтар оқиғасы барысында қиратылған болатын. Кейін оған қатысты адамдар ұсталғаны белгілі болды. Желіде тұтқындалғандардың азапталғаны туралы ақпарат тарады. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу