Бүгінге дейін талдықорғандықтардың үйіне газ мамыр айында жеткізіледі деп жоспарланса, енді қалаға көгілдір отын одан сәл ертерек, яғни сәуір айының соңына қарай әкелінетін болды. Осы және өзге де мәселелер облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен, "ҚазТрансГазАймақ" АҚ, "Жетісу ОблГаз", "Интергаз Центральная Азия" АҚ, "МБК Құрылыс" сияқты компаниялардың және басқа да тиісті басқармалар мен қызмет өкілдерінің қатысуымен өткен жиында талқыланды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжановтың айтуынша, Талдықорғандағы құны 23,4 млрд теңге болатын газ тарту жүйелерінің құрылысы 2016 жылдан жүргізіле бастаған. Жоба 4 кезеңге бөлінген, жалпы ұзындығы – 1,4 мың шақырым, 170 мың адамды, яғни 51 мың абонентті қамтиды деп жоспарланған. Магистралды газ құбыры мен "Талдықорған" АГТС-ты іске қосу жұмысы сәуірдің аяғында аяқталады. Облыстық бюджет есебінен газ тарату желісінің жалпы құны 4,5 млрд теңге болатын бірінші кезеңінің құрылысы жүзеге асырылып жатыр, бұл – 6 іске қосу кешені деген сөз. Өткен жылы 2,05 млрд теңге игеріліп, 1, 2, 3 іске қосу кешені салынып, 82,2 шақырым жүйе тартылған (100%). Көгілдір отынды алғашқылардың бірі болып сәуірдің соңында Ескелді би, Балпық би, Абылай хан, Тынышпаев көшелерінде және "Қаратал" шағын ауданында тұратын 2, 3 іске қосу кешенінің абоненттері тұтынады.
"ҚазТрансГазАймақ" АҚ бас директорының орынбасары Мұқан Сәдуақасовтың айтуынша, Талдықорғанда газ құбырын іске қосу мен абоненттерді техникалық шарттарын бере отырып қосумен айналысатын "Талдықорған газ шаруашылығы" құрылған. Қазіргі кезде тарифті және қосылу құнын айқындау мәселесі қарастырылып отыр.
Осы орайда Айдарбек Байжанов халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына газ қостыру құнын 3-6 айға бөліп төлеу жеңілдігі қарастырылғанын айтты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Талдықорған қаласын газдандыру тарихи оқиға екенін жеткізді. Сондықтан белгіленген мерзімге дейін тариф мәселесін айқындап, халық арасында ақпараттық насихат жұмысын тұрақты жүргізуді тапсырды.
"Талдықорғанға көгілдір отын жеткізу – мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан аса маңызды шара. Сондықтан барлық жұмыс сапалы әрі дер кезінде орындалуы тиіс. Оның ішінде қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аудару қажет",с – дейді Айдарбек Баталов.
Сонымен қатар мердігер мекемелердің газдандыруға қатысты тиісті жұмысын атқарып болғанына қарай халыққа қолайсыздық туғызбау үшін жол жиектерін де бірден қалыпқа келтіріп отыруды тапсырды.