Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Талғардағы жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер Талғардағы ахуал қашан реттелетінін сұрады.
"Жалпы алғанда, республика бойынша 4 айдың қорытындысы бойынша қылмыс деңгейі 9 пайызға төмендеді. Талғарға келсек, былтыр (полиция департаментіне) жаңа басшылық тағайындалғанын хабарлаған едік. Күн сайын Талғар ауданындағы оқиғалар бойынша мәлімет талданады. Талғар бойынша криминогендік ахуал тұрақты", – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында.
Санжар Әділов тіркеліп жатқан оқиғалардың жекелеген сипатқа ие екенін жеткізді.
"Әрбір дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ құқықбұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты тиісті ұсыныстар енгізіледі", – деп атап өтті Санжар Әділов.
Айта кету керек, бұған дейін Талғарда тағы бір жас жігіт пышақ жарақатынан жан тапсырғанын жазғанбыз.