Таратылған банктен кепілдік берілген қаржыны алу мерзімі өтіп кетсе не істеу керек?

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры осыған қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Таратылған банктен кепілдік берілген қаржыны алу мерзімі өтіп кетсе не істеу керек? Фото: 7kun.kz

Қазақстандағы таратылатын банктердің салымшылары қандай да бір себептермен кепілдік берілген соманы төлеу мерзімін өткізіп алғандығы жайында мысалдар жетіп артылады. Мұндай жағдайда заңнамалық мерзімдер аяқталған соң, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының салымшылар алдындағы міндеттемесі де тоқтатылады. Алайда дәлелді себептерге негізделген ерекше жайттар бар.

Дәлелді себептер – бұл салымшыға кепілдік берілген өтемді алуға төлем мерзімі – төлем басталған күннен бастап 1 жыл ішінде жүгінуге кедергі келтірген мән-жайлар.

Депозиттерге кепілдік беру туралы заңда дәлелді себептердің толық тізбесі келтірілген:

  • әскери қызметке кіру;
  • Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу;
  • депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер;
  • бас бостандығынан айыру орындарында болу;
  • сот анықтаған өзге де мән-жайлар.

Жоғарыда аталған кез келген дәлелді себептердің болуы және олардың тиісті құжаттармен расталуы салымшыға төлем мерзімі аяқталған соң (төлем басталған күннен бастап 1 жыл), ҚДКБҚ-ға кепілдік берілген өтемді төлеу туралы өтінішпен жүгінуіне мүмкіндік береді.

Мысалы, кепілді өтемді төлеу шарасы 2021 жылдың 1 тамызынан 2022 жылдың 1 тамызына дейінгі аралықта жүргізілді делік. Бұл уақытта салымшы 2021 жылдың 1 қазанынан бастап, бір жыл мерзімге әскери қызметке шақырылды. Әскери борышын өтеген соң, ол 2022 жылдың қарашасында, төлем мерзімі өткен соң, өтем алу үшін ҚДКБҚ-ға жүгінеді. Құжат ретінде әскери билетін ұсынады. Онда әскери қызмет мерзімі 2021 жылдың 1 қазанынан бастап, 2022 жылдың 1 қазанына дейін жалғасқаны көрсетілген.

Бұл жағдайда ҚДКБҚ салымшыға өтем төлеуден бас тартуға мәжбүр болады. Неге десеңіз, салымшының әскери қызметке шақырылмай тұрып, өтем ақшасын алуға, дәлірек 1 тамыздан (төлем басталған күннен) 2021 жылдың 1 қазанына дейін (әскери қызметке шақырылған күнге дейін) өтініш беруге мүмкіндігі болған.   

Ал, егер салымшы Қазақстаннан тыс жерде болғандықтан, кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімін (2021 жылдың 1 маусымынан 2022 жылдың 1 маусымына дейін) өткізіп алды. Елден 2021 жылдың 15 сәуірінде кеткен ол (яғни төлем басталғанға дейін), Қазақстанға 2022 жылдың 15 тамызында келді (яғни төлем мерзімі аяқталған соң). Елге оралғаннан кейін, көрсетілген мерзімде Қазақстан шекарасынан өткені туралы белгі басылған төлқұжатымен тез арада ҚДКБҚ-ға жүгінеді. Бұл қарастырылып жатқан жағдайда ҚДКБҚ шешімі салымшының пайдасына шешіледі. Өйткені, төлем мерзімі барысында оның шетелде болғаны ұсынған төлқұжатымен расталып отыр.

Осылайша дәлелді себептердің расталса, өтемақы төленеді.

"Яғни, дәлелді себептер төлем мерзімі басталған күнге дейін туындауы керек, ал сол дәлелді себептердің аяқталу күні төлем мерзімі аяқталған күннен ерте болмауы тиіс", – деп хабарлады Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу