Тараз қаласында шағын аудандар бой көтереді

1590

Тараз қаласында шағын аудандар бой көтереді

"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жамбылдық жүздеген тұрғын баспаналы болмақшы. Елбасы ұсынған осынау инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бойынша өңірде "Арай" тұрғынжай алқабы бой көтеруде. Бұл тұрғын алқабында барлығы 19 көпқабатты үй салынса, оның бесеуі бүгінде пайдалануға беріліп те қойды, деп хабарлайды abctv.kz. 

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста "Нұрлы жол" бойынша 80 пәтерлі, аумағы 69,6 мың шаршы метр болатын 10 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған болатын. Оның төртеуі "Бәйтерек DEVELOPMENT" акционерлік қоғамы жүйесі бойынша салынған. 4 тұрғын үй салынды.

"Биылдың өзінде аталған бағдарлама аясында облыста Ұлттық қор есебінен төрт тұрғын үйдің құрылысына 1,6 миллиард теңге бөлініп, Тараз қаласынан екі, Жамбыл ауданы Аса ауылынан бір тұрғын үй салынып, пайдалануға тапсырылды. Тағы бір үйдің құрылысы 2018 жылы аяқталатын болады.

Жалпы, облыс көлемінде "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асыру бойынша алдағы уақытта Тараз қаласында 14-ші және 15-ші шағын аудандар бой көтереді. Осы мақсатқа 462 гектар жер телімі бөлінді. Қазіргі таңда 15-шағын аудан магистралды және ішкі кварталдық инженерлік жүйелермен қамтамасыз етілуде. "Автовокзал" аумағында бой көтеретін 14-шағын аудан үшін 100 гектар жер телімі бөлінген. Онда егжей-тегжейлі жоспар бойынша 5460 пәтерлі 49 көп қабатты тұрғын үй салынатын болады. Одан бөлек үш балабақша, екі мектеп, ауысымына 500 келушіге арналған емхана, 200 төсектік онкологиялық диспансер, басқа да әлеуметтік нысандар ел игілігіне беріледі. Осылайша, облыс тұрғындарының жаппай баспаналы болуына шамалы уақыт қалды", – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Серікбаев.

Тәуелсіздік жылдары ішінде өңірде барлық қаржыландыру көздерінен жалпы көлемі 4,29 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 19 мың адам, ал Тараз қаласы бойынша 13,8 мың адам баспана алуға кезекте тұрғанын айта кетейік. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу