Тараз қаласында тұрғын үйлерді су басты

141

Жедел әрекет ету нәтижесінде жағдай бақылауға алынған. 

Тараз қаласында тұрғын үйлерді су басты Фото: Ақәділ Рысмахан

Қалың қардың еруі мен жауын-шашын салдарынан Тараз қаласындағы жеке тұрғын үйлердің ауласын су басты. Соған байланысты әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар көбейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мәселен, Тараз қаласындағы Смоленская көшесінде арықтағы судың деңгейі көтеріліп, салдарынан бірнеше тұрғын үйдің ауласына су жайылған. Сол секілді Қайым Мұхамедханов көшесінде де тұрғын үйлердің ауласын су басып, тұрғындарға қолайсыздық тудырған. 

"Еріген қар суының салдарынан көшемізде жүріп-тұруымыз қиындады. Мектепке баратын оқушылар бар. Кешке қарай аяқтары су болып келеді. Тұрғындар бірігіп барынша әрекет етіп көрдік. Дейтұрғанмен қала әкімдігі тарапынан көміліп қалған арықтар тазаланып, тиісті жұмыстар жүргізілсе дейміз. Сонда мұндай мәселелер туындамас еді. Арыз таза болса, көшемізді су баспайды", – дейді Автомобильная көшесінің тұрғыны.

Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы таратқан мәліметке сүйенсек, қардың еруі мен жауын-шашын салдарынан шаһардағы 14 тұрғын үйдің ауласына су жиналып, деңгейі 15 сантиметрге дейін жеткен. Жедел әрекет ету нәтижесінде жағдай бақылауға алынған.

"Жұмыстарға жергілікті атқарушы органнан 65 қызметкер мен арнайы техникалар, төтенше жағдайлар департаментінен 22 қызметкер (7 техника, 7 мотопомпа), сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты 28237-әскери бөлімінен 22 әскери қызметші жұмылдырылды. Ат Тарази, Қазыбек би, Есей би, Байзақ батыр, Тортаев, Домалақ ана, Павлов, Адамбаев, Автомобильная көшелері мен "Сұлутөр", "Бектөбе" алаптарында алдын алу және еріген қар суын жою жұмыстары жүргізілді. Су басу қаупінің алдын алу үшін 500 құм қап төселіп, 4-5 тонна инертті материал пайдаланылды, 250-300 метр қорғаныс бөгеті жасалды. Аулалардағы су сорылып, арық-дренаж жүйелері механикалық жолмен тазартылды.

17 ақпан күні Жібек жолы ауданындағы "Шалғай Қарасу", "Тайвань", "Арай" алқаптарында каналдар мен арықтарды тазалау, еріген қар суын шығару жұмыстары жалғасуда. Қайым Мұхаметханов көшесі, Түрксіб алабы және Аққозиев көшесі аумақтарында жиналған су сорылып, қосымша техника тартылды. 

Жалпы ахуал тұрақты. Жағдай тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында", – делінген Тараз қаласы әкімдігі медиа орталығы таратқан ресми хабарламада. 

Облыс орталығында қалыптасқан жағдайға байланысты бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы "Әулиеата" ауданына қарасты "Бектөбе" тұрғын алқабына арнайы барып, ауласын су басқан тұрғын үйлерді аралап, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.

"Таразға екі күн бойы толассыз қар жауды. Қар қалыңдығы 63 сантиметрге дейін жетті. Ауа райының күрт жылынуына байланысты жүктеме артып отыр. Басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Облыс орталығындағы барлық арық-атыздар мен каналдарды толық тексеріп, уақытылы тазарту қажет. Мәселені салдарымен күресу арқылы емес, алдын алу шараларын күшейту арқылы шешуіміз керек. Көктем мезгілі жақындап келеді. Сондықтан мұндай жағдайлардың қайталану ықтималдығы жоғары", – деген Ербол Шырақпайұлы су басу қаупі жоғары аймақтарды тұрақты бақылауда ұстауды, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді, әлеуметтік желілердегі тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу