Тараз қаласындағы мектепте мемлекеттік емтихандар үшін ата-аналардан 5 мың теңге жиналғаны рас па?

754

Ата-аналардың айтуынша, "Соңғы қоңырау" рәсіміне арналған баннер үшін де әр сыныптан 10 000 теңгеден жиналған.  

Тараз қаласындағы мектепте мемлекеттік емтихандар үшін ата-аналардан 5 мың теңге жиналғаны рас па? Фото: smartnews.kz

 

"Instagram" әлеуметтік желісіндегі "taraz_analary" парақшасында аты-жөнін атамаған ата-ана Тараз қаласындағы №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияда "Соңғы қоңырау" салтанаты үшін және мемлекеттік емтихандар үшін ата-аналардан ақша жиналғанын айтып, жазба жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Біз 12-мектептің 11-сынып оқушысының ата-анасымыз. Қазіргі таңда мектеп әкімшілігі тарапынан заңға қайшы келетін әрекеттерге тап болып отырмыз. Атап айтқанда, мемлекеттік емтихандарға байланысты әр оқушыдан 5 000 теңге көлемінде ақша жиналуда. Сонымен қатар соңғы қоңырау рәсіміне арналған баннер үшін әр сыныптан 10 000 теңге жинап, жалпы 40 000 теңге өткіздік. Алайда сол баннер де дайындалмады. 

Мектеп басшылығы бұл үшін сынып старосталарын кінәлап отыр, ал ата-аналардан ақша жинауды ұйымдастырып жүрген Қ. есімді қызметкер болуы мүмкін. Бұған қоса аттестат тапсыру алда тұрғанын ескере отырып, қандай да наразылық білдіруге қорқып отырмыз. 

Ата-аналар комитеті арқылы қосымша түрде дастархан, дәптер-парақтар мен музыкалық аппаратура алу үшін де ақша жиналып жатыр. Біз бірнеше рет қаржы бергенімізбен, айтылғандардың ешқайсысы орындалмады", - делінген жазбада.

Ал №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияның әкімшілігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтын айтады.

Ата-аналардан қаражат жиналмаған. 

"2025 жылдың 16 сәуірдегі 163 бұйрығымен педагог қызметкерлер тарапынан оқушылардан және олардың ата-аналарынан заңсыз қаражат жинауға тыйым салынған. Оқу жылын қорытындылауға арналған іс-шараға, сонымен қатар, аралық және қорытынды емтихандарға ата-аналардан қаражат жиналған жоқ. Мектеп әкімшілігі заңсыз қаражат жинауға жол бермейді", - деп хабарлады мектеп әкімшілігі. 

Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімі қазіргі таңда анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, қаражат жинау деректері расталған жағдайда қатаң түрде шара қолданылатынын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу