Тараз тұрғыны 50 пайыз пайдаға сеніп, 1,9 млн теңгесінен айырылды

267

Ол банктен несие рәсімдеп, ақшаны өзін инвестор ретінде таныстырған азаматшаға аударған.

Тараз тұрғыны 50 пайыз пайдаға сеніп, 1,9 млн теңгесінен айырылды Фото: gov.kz

Тараз қаласының 28 жастағы тұрғыны трейдингке инвестиция салып, 50 пайыз пайда табуға уәде берген адамға алданып қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол тіпті банктен несие рәсімдеп, ақшаны өзін инвестор ретінде таныстырған әйелге аударған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұсыныстың артында Алматы қаласының 24 жастағы тұрғыны болған.

Алайда жәбірленуші уәде етілген табысқа қол жеткізе алмаған. Салған ақшасын қайтарып алуға тырысқанымен, нәтижесінде 1,9 млн теңге көлемінде шығынға батқан.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу басталды.

Күдікті Ақтөбе қаласында алаяқтықтың 29 дерегі бойынша жүргізілген тергеу аясында ұсталған. Қазір оның басқа да қылмыстық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Полиция азаматтарды оңай табысқа кенелуге уәде беретін ұсыныстарға сенбеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және күмәнді инвестициялық ұсыныстар үшін несие рәсімдемеуге шақырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу