Таразда 10 жыл қараусыз тұрған құрылыс нысаны сүріледі

391

Қала орталығындағы аяқталмаған құрылыс нысанына қатысты сот ұйғарымы шықты.

Таразда 10 жыл қараусыз тұрған құрылыс нысаны сүріледі

10 жылдан бері қараусыз тұрған нысанға байланысты Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімі сотқа жүгінген. Енді сот шешіміне сәйкес мердігер ғимараттың қаңқасын өз қаражаты есебінен бұзуы керек.

Құрылыс нысаны толық сүрілген соң, кәсіпкерге жер телімін қайта пайдалануға мүмкіндік беріледі. Ал егер мердігер 3 жыл ішінде жер учаскесін тағы бос қалдырса, ол жер аукцион арқылы сатылатын болады.

Жауапты органдар біраз жылдан бері бұл құрылыстың кімге тиесілі екенін анықтай алмай келген. 2014 жылы тамызға дейінгі иесі "Береке – 5" ЖШС-нің басшысы Наталья Багданова болған.

Аумағы 5 589 шаршы метр жерді алып жатқан ғимаратты спорттық сауықтыру кешеніне айналдырмақ болған кейінгі иесі сол күйі нысанды аяқтауға мұршасы келмеген.  

"Таразда "сақалды" құрылыс деп танылған 35 ғимарат бар. Оның 15-інің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға берілді. Ал Қаратай Тұрысов көшесі, 5 "В" мекен жайында орналасқан көпқабатты ғимараттың мәселесі сол күйі шешілмеді. Тараздықтар дәл осы жерде келеңсіз оқиғалар орын алатынын біледі. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін сотқа жүгіндік. Енді міне, сол нысан түгелдей бұзылатын болды", - дейді Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Исабеков.

Маманның меңзеп отырған келеңсіз оқиғалар – өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары. Осыдан екі жыл бұрын осы нысанның бесінші қабатынан ер азамат секіруге әрекет жасаған. Полиция қызметкерлерінің жеделдігінің арқасында оны дер кезінде тоқтатқан еді. 

Биыл да мұндай оқиғалар бірнеше рет қайталанды. Оның біреуі қайғылы жағдайда аяқталған болатын. Қазір осы іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу