Құрлық әскерлерінің "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы алғаш рет ҰҰА операторлары арасында ерекше жарыс ұйымдастырды. "Дрондар шайқасы" деп аталған сайыста әскери қызметшілер FPV-дрондарды басқару шеберлігін сынға салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҰҰА қызметі бұл қолбасшылықта небәрі бір жыл бұрын құрылғанымен, бүгінде жаңа технологияларды жауынгерлік дайындыққа енгізуде жетекші рөл атқарып отыр. Подполковник Роман Қожахметовтың айтуынша, дрондар барлау, артиллериялық атысты түзету, жүк жеткізу сияқты тапсырмаларды орындауда кеңінен қолданылып келеді.
Сайыс барысында операторлар дрондарды жоғары жылдамдықпен тар өткелдерден өткізді, күрделі маневрлер жасап, командалық пунктерге бейнетаспа жеткізді. Жаттығудың ең әсерлі кезеңі – дронмен 10 метр биіктіктен бронетехниканың қақпағы көлеміндегі нысанаға оқу гранаталарын дәл тигізу болды.
Ең үздік нәтижені ефрейтор Ұлан Суйдуов (Сарыозек гарнизоны), ефрейтор Шыңғысхан Сейдахметов (Қызылорда гарнизоны) және сержант Мұхамеджан Қырғызали (Тараз гарнизоны) көрсетті. Командалық есепте бірінші орынды Жаркент гарнизонының әскери бөлімі иеленіп, қолбасшының көшпелі кубогын жеңіп алды.
"Дрондар шайқасы" Құрлық әскерлері үшін тың форматтағы алғашқы сайыс болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама дәстүрлі әскери жарысқа айналуы мүмкін.