Таразда баспанa жөндеген мердігердің жұмысына жұрт наразы

469

Әкімдік жөндеу жұмысы тұрғындардың 70 пайызының келісімі болған жағдайда ғана басталып, аяқталады дейді.  

Таразда баспанa жөндеген мердігердің жұмысына жұрт наразы Фото: видеодан алынған кадр

Бүтін бір баспананы "жөндейміз" деп бүлдірді. Тараздық бұқара тұрғын үйге жүрдім-бардым жөндеу жүргізген мердігердің жұмысын айыптайды. Сөздерінше, модернизациядан соң, шатырдан су сорғалап, сыртынан құйылған іргетасы үгітіліп жатыр. Тіпті жөндеуге 70 млн тг кетті дегенге көпшіліктің күдігі басым. Арыз арқалаған ел енді мердігердің жөндеу жұмысына деген төлемінен бас тартпақ. 

70 пәтерлі мына үй Тараздағы Қарасу алқабында тұр. Былтыр күзде күрделі жөндеу көрген. Жұрт жарты жылға жетпей бар ақауы бетке шықты дейді. Сыртқы сылағы түсіп, іргетасы құмша үгітіліп жатыр. Темір құбыры болса, пластмассамен алмастырылған.   

"Жасаған ремонттары өте сапасыз. Стенаның бәрі түсіп жатыр. Төбеден су ағып жатыр. Конденсат дейді. Біздің келісімінсіз 15 жылға басымызға кредитті іліп тұрмыз", - деп шағымданды қала тұрғыны Айнар Спатова.

Жөндеу жұмысына бөлінген 70 млн тг-ні жұрт кондоминимум жүйесіне сәйкес 15 жылда өтеуі тиіс. Бірақ бұқара шала-жансар жөндеу бұл құнға татымайды дейді. Қызығы, жөндеудің басталып, біткенінен де халық бейхабар екен. 

Қараша мердігер ісіне қаржылық тексеріс жүргізсін дейді. Өйткені күрделі жөндеуін әрлеп-сәндеп қойғанмен теңейді. 

"Басынан бастап ақ осы капитальный ремонт дегенге мен өзім қарсы болдым. Себебі біздің үйдің жағдайы жақсы еді. Әдемі подвалда тұрған заттардың бәрін кесті", - дейді қала тұрғыны Жомарт Қандыбаев.

Мәселеге қатысты қалалық әкімдік шағым түспеді деп ағынан жарылды. Арызға сәйкес енді комиссия құрылмақ. Істелген жөндеу жұмысына және кеткен қаржыға тексеріс жүргізіледі деп отыр. Мердігердің әлі 1 жылдық кепілдік мерзімі бар екен. 

"Кемшілік бар. Жұмыстар бойынша мердігерге береміз. Қалпына келтіреді. Одан бөлек мынау биылғы жылы бізге 5 млрд-тай қаражат бөліну керек. Мәслихатпен бюджетті нақтылау кезінде", - деді Қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Әкімдік жөндеу жұмысы тұрғындардың 70 пайызының келісімі болған жағдайда ғана басталып, аяқталады дейді.  Жалпы жыл соңына дейін Тараздағы 58 үй модернизация бойынша күрделі жөндеуден өтпек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу