Таразда коронавирустан қаза тапқандар саны 134 пе әлде 53 пе?

949

Бірінші санды жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру мекемесінің директоры айтса, екіншісін денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы мәлімдеді.

Таразда коронавирустан қаза тапқандар саны 134 пе әлде 53 пе?

Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру мекемесінің директоры, Тараз қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, Тараз қаласының Құрметті азаматы Қадірхан Абдуллаевтың сөзінше, Денсаулық сақтау министрі COVID пен пневмонияны теңестіргенімен, провизорлық стационарлардың қайтыс болғандарға анықтаманы керісінше жазып отырғаны жұмысқа кедергі келтіреді.

"Бақилық болғандардың туыстары "марқұм коронавирустан емес, пневмониядан көз жұмды" деп, жерлеу барысында қорғаныш құралдарын пайдаланудан бас тартады. Нәтижесінде біздің мекеменің қызметкерлері бұл жағдайдан сақтану үшін жұмыстан шыға бастады. Бұған қатысты денсаулық сақтау басқармасына хат жаздым. Әлі жауап келген жоқ", – деді ол.

Ал жергілікті әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов пневмонияға шалдыққан науқастың коронавируспен теңестірілетінін алға тартып, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыратын мекеменің денсаулық сақтау басқармасынан бөлінген қаражатты дұрыс жұмсамағанын айтады.

Қадірхан Абдуллаев болса, өзі басқаратын мекеменің денсаулық сақтау басқармасынан ешқандай қаражат алмайтынын жеткізді.

"Марқұмды жерлеуге алып келеді. Коронавирустан қайтқан болса, төрт арнайы киім алғызамыз. Антисептик, екі литр спирт қолданып жерлейміз. Біз барлық деректерді кез келген уақытта ұсына аламыз. Мен, тіпті коронавируспен қанша адамды жерлегенімізді, пневмониядан қайтыс болғандар санын да бере аламын", – деген ол коронавирустық инфекциядан көз жұмғандар саны Тараз қаласы бойынша 134 адам екенін жария етті.

Директордың сөзіне қарағанда, мәйіттерді әкелушілер көрсеткен құжатта марқұмдардың коронавирустық инфекциядан көз жұмғаны анық жазылған.

Денсаулық сақтау басқармасы көрсеткен дерекке сәйкес, облыс орталығында 53 адам коронавирустық инфекциядан көз жұмған. Қос мекеме берген мәліметтердің арасындағы айтарлықтай айырмашылық бар. Әлбетте, көрсеткіштердің бір-бірімен сәйкес келмеуі сезік тудырды.

Сонымен қатар Жамбылдың бас дәрігері келтірген өңірдегі медицина мамандарының індет жұқтырғандар статистикасында да шикілік бар. Бүгінгі таңда 324 медициналық қызметкер індетке шалдықса, олардың дені тұрмыстық жағдайда, сыртта, көп адам шоғырланған жерде, тек 10 пайызы ғана жұмыс орнында індет жұқтырған көрінеді.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу