Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында "Тараз өндірістік комбинаты" ЖШС мен Қытай Халық Республикасының Guangdong Wantai Supply Chain Co., Ltd. компаниясы бірлесіп металлургия зауытының құрылысын бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Guangdong Wantai Supply Chain Co., Ltd. компаниясының директоры Чжоу Циньхуэйдің айтуынша, металлургия зауытына 61 млрд теңге инвестиция салынады.
Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 1 млн тоннаға дейін ыстықтай илектелген болат орамдары, тот баспайтын болат өнімдері, дәнекерленген және мырышталған құбырлар, профильді құбырлар, арматура және басқа да металл өнімдері өндіріледі.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.