Желіде 1 қыркүйек күні Таразда оқушылар арасындағы төбелестің соңы қайғылы жағдаймен аяқталды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жамбыл облыстық Полиция департаменті осы дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ізін суытпай кәмелетке толмаған күдікті ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді", – делінген ПД-нің редакцияның сауалына берген жауабында.
Желіде тараған алдын ала ақпаратқа сәйкес, қайтыс болған 14 жастағы ұл балаға басқа жасөспірім пышақ сұғып алған. Оқиға мектептен тыс жерде болған.