Таразда тозығы жеткен учаскелік полиция пунктері көп

173

Қоғамдық кеңес мүшелері Тараз қалалық полиция басқармасының жұмысына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде көптеген кемшіліктің беті ашты.  

Таразда тозығы жеткен учаскелік полиция пунктері көп Фото: Жамбыл облыстық полиция департаменті

Тараз қаласында қоғам тыныштығы үшін күн-түн демей қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларына лайықты жағдай жасалмаған. Мәселен облыс орталығындағы учаскелік полиция пунктерінің халі өте мүшкіл, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Тараз қалалық қоғамдық кеңес мүшелері полиция басқармасының жұмысына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде көптеген кемшіліктің беті ашылған. Тараз қалалық қоғамдық кеңестің хатшысы Сәкен Қондыбаевтың айтуынша, әсіресе учаскелік полиция пунктерінің жағдайы жаға ұстатарлықтай екен.

"Мысалы, Тараз қаласындағы "Қаратау" ықшамаудандағы жекешелендірілген 5 қабатты үйдің астыңғы қабатында орналасқан №2 тірек пунктін маңдайшасындағы тақтайшадан танымасаңыз, бір қараған адам қараусыз қалған баспана деп ойлауы мүмкін. Ал, ішкі көрінісінің сұрықсыздығы соншалық, қарапайым тұрғындар арыз-шағымын айтып, көмек сұрап келгені былай тұрсын, кіруге де қорқатын сияқты. Тірек пунктің ішінің жағдайы да мәз емес. Төбеден аққан судан сарғайған қабырғалары, сынған терезе, қиюы кеткен есік, тозған едені мен ескіре бастаған жиһаздары кірген адамға жағымсыз әсер қалдырады.

Дәл осы секілді көрініс "Ақбұлақ" ықшамауданындағы тірек пунктінде де қалыптасқан. Тірек пунктері орналасқан бұл баспаналар жеке тұлғалардың иелігінде болғандықтан оларды бюджет қаражатымен жөндеуге мүмкіндік жоқ.

Тірек пунктері орналасқан бұл баспаналар жеке тұлғалардың иелігінде болғандықтан оларды бюджет қаражатымен жөндеуге мүмкіндік жоқ. "Кісідегінің кілті аспанда" дегендей баспананың иесі келіп, қай күні айдап шығар екен деп тәртіп сақшылары дәрменсіздің күйін кешуде", - дейді С.Қондыбаев.

"Ауыл Береке" базарының аумағында орналасқан тірек пунктінің жағдайы да сын көтермейді. Тіпті мекеменің кіреберісінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы халыққа арнаған Жолдауы басты көрнекті құрал ретінде әлі күнге ілулі тұр екен.

"Осындай жағдай қаланың "Гидроркомплекс" аумағында орналасқан тірек пунктіне де тән құбылыс. Учаскелік қызметкерлерге берілген нысан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің теңгеріміндегі көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы орналасқан. Бұлар да университет әкімшілігі тарапынан "баспананы босат" деген бұйрық қашан түсер екен деп "жетім қыздың" күйін кешіп отыр. Әкімшілік болса полицияда өші бардай баспананы ауызсудан, жылудан ажыратып, әжетханасының есігін шегелеп тастаған. Полицияның 7 қызметкері қыста бүрсең қағып, электр пешіне энергияны жоғарыда тұратын пәтер иелерінен сұрап, қыстан лаждап шыққандығын айтып шағымданды.

Кез келген уақытта алдыңғы шепте жүретін полиция қызметкерлерінің мұндай жағдайда қызмет етуі қала, облыс әкімдігі үшін үлкен сын", - дейді С.Қондыбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу