Тараздық ару Америкада жүк көлігін тізгіндеп жүр

2801

10 жылдан аса журналистика саласында еңбек еткен Анар Әбдіманапқызы қарызынан құтылып, тығырықтан шығу үшін осы кәсіпке бет бұрған.  

Тараздық ару Америкада жүк көлігін тізгіндеп жүр Фото: Inbusiness.kz

АҚШ-та жүк көлігін жүргізу – үлкен сұранысқа ие кәсіптердің бірі. Бүгінде мұхит асып, жүк көлігін тізгіндеп, нәпақа тауып жүрген қазақтардың, тіпті нәзікжандылардың қатары көбейген. Солардың бірі – тараздық ару Анар Әбдіманапқызы. Кейіпкеріміздің АҚШ-та тұрып жатқанына 10 жыл болыпты.

"М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде бастауыш білім беру мамандығы бойынша білім алдым. Диплом алған соң мамандығым бойынша бір күн де жұмыс істемей, облыстық "Jambyl" телеарнасында журналист ретінде еңбек жолымды бастадым. Жұмыс істей жүріп әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша сырттай оқып алдым", - дейді Анар.

Облыстық телеарнада және оған қарасты радиода бас-аяғы 13 жылдай еңбек еткен ол қосымша табыс табу мақсатында сауда-саттықпен айналыса бастайды. Осылайша түбегейлі пайдасы мол, табысы мардымды бизнеcке ауысады. Дегенмен көп өтпей сынаққа тап болып, жұмысы кері кетеді, қарызға белшесінен батады. Тығырыққа тірелген сәтінде АҚШ-қа жұмыспен кетіп бара жатқан танысы Анарға да сонда барып, еңбек етуге болатынын айтады.

"Басқа түссе баспақшыл" дегендей, адам баласы барлығына көнеді екен. Ол кезде жасым небәрі 29-да еді. Бала күтіміне байланысты демалыста жүргенімде Қытайға туристер апарып, сауда-саттықпен айналыстым. 2012 жылы біз барып жүрген туристік автобустар қомақты қаражатпен ұсталды. Онда қыруар қаржыға алынған тауарлар да кетті. Осылайша мойныма бір түнде қомақты қарыз ілінді. Қарыздың сомасы – 47 мың доллар. 2013 жылы ондай ақшаның құны қазіргі 200 мың доллармен бірдей. 2013 жылдың мамырында сол қарыздың салдарынан АҚШ-қа аттандым. Америкаға менің алдымда аттанған танысымның виза жасатқан агенттігіне хабарласып, 22 күннің ішінде виза жасаттым. Бірақ оған да біраз қаражат кетті. АҚШ-қа келген кезде барлығын нөлден бастадым. 2 жыл 7 ай бала күтуші болдым. Одан кейін иммиграциялық адвокаттың көмекшісі болып біраз жұмыс істедім. Қарт адамдардың үйіне ассистент жіберетін, яғни сақтандыру саласында қызмет еттім. Бұл агенттікте 3-4 жылдай жұмыс істедім. Кейін пандемияға байланысты карантин болған кезде ол жердегі жұмыс сағаты қысқарып, онлайн жүйеге көше бастады. Карантинде барлық салада тоқырау болды. Бизнес көздері жабылды. Мен құр жатпай, жаңа кәсіппен айналысқым келді. Байқасам, карантинде ауыр жүк көліктерінің қызметіне сұраныс тоқтамапты. Ірі, шағын компаниялардың "ауыр жүк көліктеріне жүргізуші керек" деген жарнамаларынан көз сүрінеді. Сонымен қатар АҚШ-та жүк көлігін әйелдердің жүргізуі жаңалық емес. Тіпті ешкім таңғалып қарамайды да. Содан тәуекел етіп, мен де тың саланы көрейін деп шештім", - дейді Анар Әбдіманапқызы.

Алпауыт мемлекетте алып көлік тізгіндеген Анар бұл кәсіптің де өзіне сай қызығы мен шыжығы бар екенін жасырмады.

"Жүк көлігін жүргізуімнің бірінші себебі, әрине - табыс. Әйткенмен ауыр жүк көлігін басқару оңай жұмыстардың қатарына жатпайды. Бірақ Қазақстанда кейбіреулер ойлайтындай, "КамАЗ"-дың астында май-май болып жататын түсінік жоқ. Жауапты, құзырлы компаниялар келіп қызмет көрсетеді. Сондықтан әйелге мүлдем қиын деп айтуға болмайды. 2 ай жүк көлігін басқаруды оқыдым. Компания ашып, лицензия алдым. Емтихандарын тапсырып, тәжірибеден өттім.

Қазіргі таңда бірнеше жүк көлігі бар басқа компанияның ауыр жүк көліктерін жүргіземін. Міндетіме диспетчермен үнемі байланыста болып, жүкті А нүктесінен Б нүктесіне жеткізіп беру кіреді. Қаларалық қана емес, штатаралық тасымалдаулар да болады. Мильмен есептегенде күніне 800-900 миль жүремін. Қабылдап алған жүк көлігінің доңғалақтарын, жағдайын тексеруің керек. Бұзылған жағдайда диспетчерге хабарласып айтамын. Олар мен тұрған жерге жол үстінде көмек көрсететін қызметті жібереді. Не жол бойындағы қызмет көрсету орындарына жүгініп, жөндетемін. Қабылдаған жүкті қажетті орнына аман-есен жеткізу керек. Ол зақымданбауы қажет. Көп жағдайда жүктердің ұрлануы, тоқтаған кезде бұзақылардың тонауы мүмкін. Бірақ мен ондайларға кездеспедім. Дегенмен жүкті сол қалпында жеткізу жүргізушінің мойнында", - дейді Анар.

Анар Әбдіманапқызы елімізден АҚШ-қа жүк көлігін жүргізуге барып, нәпақасын тауып жүрген нәзікжандылардың бар екенін айтады. Тіпті зейнет жасына келген талай әйел кісілер дәл қазіргі уақытта Американың штаттарының арасында жүк көліктерімен ызғытып жүр екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу