Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Таза Қазақстан" экологиялық акциясына Жамбыл облысының тұрғындары белсенді атсалысуда. Тіпті жуырда Тараз қаласына экскурсиямен Италиядан келген туристер де акцияға өз үлестерін қосты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Экологиялық акция аясында "Ежелгі Тараз ескерткіштері" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бастамасымен Тараз қаласындағы "Қарахан баба" кенесіне алма ағаштары отырғызылды. Игілікті істен шетелдіктер де тыс қалмады. Тараз шаһарына экскурсиямен Италиядан келген туристер де тал отырғызып, ерекше әсер алып қайтты. Италияның Неаполь, Рим, Турин мен Милан қалаларынан шығып Әулиеата жеріне табан тіреген туристер акцияны жоғары бағалады.
"Өте тамаша әсер алдық. Қазақстандағы тарихи орындар керемет екен, айтып жеткізуге сөзім жоқ. Осы тарихи орынның аумағына тал егу құрметі бізге бұйырып тұр екен. Өте қуаныштымыз. Болашақта үлкен бақ болып, біз секілді туристерге көлеңкесін түсіріп, жемісін беріп тұрады деп ойлаймын", – дейді турист Кристина Карло.