"Тарифті инвестицияға айырбастау" деген жаңа тариф саясаты жүргізіледі

1154

"Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет". 

"Тарифті инвестицияға айырбастау" деген жаңа тариф саясаты жүргізіледі

Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Президент осыған байланысты монополиялы нарықтарда "Тарифті инвестицияға айырбастау" деген жаңа тариф саясатына көшу керектігін айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Монополиялы нарықтарда "Тарифті инвестицияға айырбастау" деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет. Тариф инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін беріледі. Меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға тиіс. Инновация енгізу үшін тиімді ынталандыру шараларын әзірлеген жөн. Сондай-ақ шығыстың бір бөлігін тарифтік сметаның аясында қайта бөлуге және табыстың белгілі бір бөлігін сақтап қалуға рұқсат беру керек", – деді Президент Жолдауында.  

Қасым-Жомарт Тоқаев бағаны әкімшілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендететінін, сондай-ақ тауар тапшылығын туындатып, елді импортқа тәуелді ететінін айтты. Сондықтан баға белгілеу ісіне араласудан мемлекет біртіндеп бас тартады. Тек бәсекелік ортасы жоқ нарықтар ғана бұрынғыдай қала береді.

Айтуынша, монополистердің тарифтері қатаң бақылауда болады, бірақ орынсыз қысым көрсетуге болмайды.

"Бүгінде мемлекеттік органдардың, соның ішінде күштік құрылымдардың бизнесті тексеруге жаппай кірісіп, бағалар мен тарифтерді төмендетуді талап етуі жиілеп кетті. Құр дақпырт үшін жасалатын мұндай әрекеттерді доғару керек", – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу