Си Цзиньпин, Владимир Путин және Дональд Трамп 19 қараша күні Шэньчжэньде өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының жыл сайынғы конференциясы аясында кездеседі. Бұл ақпаратты Ақ үй өкілі Оливия Уэйлс растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Көшбасшылардың алғашқы үшжақты кездесуінде ядролық қару-жарақты бақылау жөніндегі ауқымды келісімді әзірлеу мәселесі сөз болмақ.
"Қандай да бір келісім жасалады деп күтілмейді. Бұған бастапқы кезең деп қараған жөн. Яғни, мұны президенттер деңгейіндегі алғашқы әңгіме деп сипаттауға болады", – деді АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі CNN телеарнасына берген сұхбатында.
The New York Post газетінің жазуынша, талқылаулар барысында АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы, Солтүстік Корея төңірегіндегі жағдай да көтерілуі мүмкін. Бұдан бөлек кездесуде Украинадағы соғысты аяқтау мәселесінің талқылануы екіталай екені белгілі болды.
"Қытай бұл процеске қатыспайды, сол себепті онда Украинаны талқылау орынсыз болар еді", – деп түсіндірді дереккөз The New York Post газетіне берген сұхбатында.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Путин мен Трамптың екіжақты кездесуі де жоспарланбаған.
Қазан айында The Wall Street Journal газеті Путиннің Трамп пен Сиге Қытайда үшжақты жүздесу өткізуді ұсынғанын жазды. Басылымның дерегінше, Ресей басшысы Еуроодақ пен Киев өкілдерін қатыстырмай, Украинадағы соғысты тоқтату шарттарын талқылағысы келген. Трамп мұндай кездесуге дайын екенін жеткізгенімен, келіссөзде Украинадағы соғысты емес, ядролық қарусыздану мәселелерін көтергісі келетінін білдірген.